Күнгейдің мәселесі шешіле ме?

Өңіріміздегі күрмеуі қиын, жылдар бойы шешімі табылмай келе жатқан өзекті әрі жауапсыз сұрақтардың бірі – «Күнгей» шағынауданына қарасты ауыз су, жол, жарық мәселесі. Тәуелсіздіктің еңселі 30 жылында Үкімет халықты табиғи ресурстармен толық қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүру жағдайын жасауға қанша ұмтылса да, тасада қалып қоя беретін көлеңкелі тұстар да жетерлік. «Күнгей» — соның айқын мысалы. Себебі шалғайдағы шағын ауылда емес, қаланың өзінде орналасқан тұрғындар суды тасып ішеді, жарықсыз көшеде жүреді, сапасыз жолмен қатынайды.

«Жыламаған балаға» ешкімнің көңіл аударып қарамайтынын анық білеміз. Ақпараттың көз ілеспей жылдам тарап, байланыс тәсілдері мықты дамыған қазіргі уақытта проблеманы ортаға салып, талқылауға болатын басты орын – әлеуметтік желілер. Сондықтан Ержан Әділ бастаған «Күнгей-2» түрғындары Facebook парақшаларында шағымдарын білдіріп, қала әкіміне тікелей өтініш жасады.

Ержан Әділ мырзаның жазбасында шағынауданға байланысты барлық талап-тілектер мен әлі күнге дейін орындалмған уәделер толық айтылады:

«Құрметті Қарағанды қаласының әкімі Ермаганбет Бөлекбаев мырза, сізге маңызды өтініш.

Күнгей 2, 19-алаңда (площадка) орналасқан 22 жер телімінің иелері атынан.

2012 жылы жергілікті әкімшілік осы жерлерге коммерциялық нысандар саламыз деп жер иелеріне ескертпестен ПДП-ға өзгеріс жасап жіберген. Жер иелеріннің көбі барлық заңды құжаттарымен жерді сатып алған меншік иесі екенін ескергенде жергілікті билік Жер қатынастары және Мүлік туралы заңдардың 5 бірдей бабына қарсы заңсыздық жасағаны анықталған болатын. Жер иелері бұл мәселені 2018 жылы су желісін тартпай кеткенде ғана білді. Себебі, жоспар бойынша су жүйесі тұрғын үй салуға арналған жерлерге ғана тартылу керек болған. Бізге су тартпай кетті. Содан 5 ай жүріп ешкімнен дұрыс жауап ала алмаған соң облыстық прокуратураға шағым түсірдік, БАҚ арқылы көтердік, президенттің кеңесшісі келгенде айттық. Ертеңінде сол кездегі қала әкімі Аубакиров Нұрлан Ерікбайұлы өзі қабылдап мәселені тыңдады»,- дейді Ержан Әділ (жазбаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған).

Баспаған тауы, қақпаған есігі қалмаған тұрғындар тіпті өз қаражаттарына архитектор жалдап, ЕТЖЖ түзетулерін де жасатқан. ЕТЖЖ архитекторлардың қалалық кеңесінде талқылана отырып түзетілген. Кейін сол арқылы қала әкімі Н.Е.Аубакировтың «тұрғын үй құқы қайтарылсын» деген Қаулысын қолдарына алған. Алайда, еш нәтиже болмағандықтан, тағы бір жыл уақыт күтуге тура келіпті. Амалы таусылған жергілікті халық облыс әкімінің де қабылдауында болыпты. Солай тірнектеп жүріп, әрең дегенде төрт үйге ортақ, бір ғана құдық қазғызуға мүмкіндік алған. Дегенмен, өзге жер телімдеріндегідей су құбырлары тартылмаған, яғни су мәселесі толық шешілді деп айту мүмкін емес.

«Енді бүгін су желісін тартпай кеткендей біздің алаңды тағы қалдырып, келесі көшеден бастап жарық желісінің қазықтары қағыла бастапты. Бұл біздің тағы да жоспарға кірмей қалғанымызды көрсетеді. Жақында әкімшіліктен ПДПға түзету енгізіліп аталған жер телімдерінің бұрынғыша тұрғын үй салу құқығының қайтарылғаны туралы анықтаманы да қолымызға алған едік.

Осы уақыт аралығында су, жарық желісін жобалауға, тартуға жауапты Құрылыс бөлімінің басшысы ауысты. Бір тиянақсыз істің бар екені анық.

Құрметті әкім мырза, осы жердегі түйткілді шешіп беруіңізді сұраймыз»,- дейді Ержан Әділ мырза (жазбаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған).

Ержан Әділдің жазбасында көтерілетін екінші бір мәселе – Күнгейдің орталығында орналасқан мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, алғашқы қазақ елшілерінің бірі, кәсіби әрі білікті дипломат Нәзір Төреқұлов атындағы көшенің бір шақырымға жуық бөлігінде жол болмауы. Оның айтуынша, сол заманда-ақ өзіне лайық бағасын халықаралық деңгейде алған тұлғаның есімі қашан да асқақ мәртебе мен биік құрметке лайық. Сондықтан, асфальт төсемесе де, өзекте жатқан ой жерді көтеріп беруді сұрайды.

Бұл мәселе төңірегінде өз ойын жергілікті тұрғын Шынар Батырбеккызы да қалдырған екен:

«Құрметті әкім мырза, ағамыздың мына бір жазбасына бей-жай қарамай, халықтың осы мәселесін шешіп беруіңізді сұраймын! Біз де осы алаңда тұрып жатқанымызға 5-6 жыл уақыт болды. Әлі күнге дейін су, жарық, жол мәселесі шешілген жоқ. Нәзір Төреқұлов көшесінің аяғындағы 1 км жерде не грейдер, не машина жүретін жолдың сұлбасы да жоқ. Халық өз күшімен салсын десек, жол салуға 4 үйдің шамасы жетпейді.

Бізге таксидің өзі келмейді. Қыста балаларды сабаққа, балабақшаға апарып-әкелу мәселесі тіпті қиын! Үйге такси былай тұрсын, ауырып қалған жағдайда жедел жәрдемнің де келмейді. «Жолы бар жерге өздерің келіңдер» деп айтады. Қыста жол мәселесі кесірінен балаларымызды емханаға уақытылы қарата алмаймыз. Құдай сақтасын, өрт болған жағдайда өкімет өртеніп кетсек те осылай қарап отыра ма?

Былтыр іргеміздегі көшеге әр алаңның алдына құдық қойылды, ал біздің көшеде 4 үйге — 1 құдық. Соның кесірінен судың ағыны тым әлсіз. Бір үй су қосса, екінші үйден тамшылап ағады. Халықтың өтінішіне оң шешім шығарып беруіңізді сұраймыз»,- деп пікірде іштегі наласымен бөлісіпті (пунктуациясы мен орфографиясы сақталған).

Ал аталмыш мәселеге тікелей жауапты «Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі» ММ болса, жазбаға пікір қалдырыпты:

«Ержан Әділдің Күнгей-2, 19 алаң ықшам ауданында орналасқан 22 учаскені сумен жабдықтау және электрмен жабдықтауға қатысты жарияланымына жауап ретінде, өз құзіреті шеңберінде «Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі» ММ жобаларды әзірлеуге тапсырыс беруші болып табылатынын хабарлаймыз:

— «Шағынаудандағы тұрғын үйлерге инженерлік желілер салу. Күнгей (Алмалы) (2-ші, 3-ші кезек). Электрмен жабдықтау 2-ші кезек 1-ші учаске»,

— «Шағынаудандағы тұрғын үйлерге инженерлік желілер салу.Күнгей (Алмалы) (2-ші, 3-ші кезек). Су құбыры желілері». Бұл жобаларды Күнгей шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына сәйкес жобалау ұйымы әзірледі.

Қазіргі уақытта «Шағынауданның тұрғын үйлеріне инженерлік желілер салу» жобалық-сметалық құжаттамасын түзету мәселесі қарастырылуда: Күнгей (Алмалы) (2-ші, 3-ші кезек). Электрмен жабдықтау 1-учаскенің 2-ші кезегі» және учаскелерді қосу»,- деп жауап қалдырған екен. Алайда, өтініш білдірушілер жауапқа қанағаттанбағандықтарын және жеткілікті дәрежеде түсінбегендіктерін жеткізіп, нәтижесінде бөлім басшысының қабылдауына шақырту алды.

Ержан Әділдің жазбасының астына пікір қалдырып, мәселенің шешімін табуды сұраған тұрғындар жетерлік. Соның бірі — Алтынгүл Володия:

«Құрметті Қарағанды қаласының әкіміне өтініш білдіре отырып, мына комментарияларға бей-жай қарамауыңызды сұраймыз! Жоғарғыдағы айтылған мәселеге қатысты біздің үйдің отағасы да аталған жерден үй салсақ деп жер сатып алып еді, әлі күнге дейін су, жарық, жол жоқ… Су, жарық тартылар, жол салынар деп күткенімізге қаншама жыл өтті… Қашан осы мәселе шешіледі? Қашанға дейін күтуге болады? Сізден нақты осы жерлерге қатысты оң жауап алармыз деген үміттеміз!»,- деген екен ол (пунктуациясы мен орфографиясы сақталған).

Күнгейдегі күрделі мәселелердің біразын көтеріп, шешімін табуда атсалысып жүреген Ержан Әділ мырза жазбасын былай деп қорытындылған екен:

«Бұл жерлердің мәселесімен Қарағанды облысының бұрынғы әкімі, сол кездегі Республика Президентінің кеңесшісі Балаева Аида жақсы таныс. Ол кісінің қабылдауында болған кезімізде, қала әкіміне тапсырма бергеніне куә болған едік. Сол отырыстың видео жазбасы да бар.

Біз артық, болмаса Заңға қайшы, жоспарға сай келмейтін қажеттіліктерді сұрап жүрген жоқпыз. Осы уақытқа дейін бюджеттік мүмкіндікті, мәселені кезең-кезеңімен шешу жолдарын ұсынғандарыңызды түсіндік. Шыдадық, көндік. Енді көршілерімізге жарық келіп, ал біз тағы да елеусіз қалайын деп тұрғанда үнсіз қалу қиын»,- депті.

Жергілікті билік өкілдері мен қала әкімінен көмек пен қолдау, оң шешім өтінген тұрғындардың талап-тілегі орындалар деген үміттеміз. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «ҚР халқының өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің басты мақсаты» демекші, халықтың үніне құлақ асып, жағдайын бір сатыға болсын жоғарылатуға ұмтылу – әрбір билік өкілінің мұратына айналса, нұр үстіне нұр болмақ.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»