Күнгей жұрты әкім ауысқан сайын дәмелі

Қала іргесінде тұрса да, өркениеттен қағылған аудан бар. Күнгей ықшамауданындағы көп мәселені айтып тұрғындар көп шағымданады. Аты дүркіреген ауданда күн көру шынымен жайсыз. Мұндағы жұрт әр әкім ауысқан сайын әрекет етіп, жағдайын айтып жаңа әкімге барудан жалыққан емес. Бірақ баяғы жартас — сол жартас.

Күнгейдегі мыңдаған жер учаскесі бір кездері ешқандай инфрақұрылымсыз кезде берілген. Алғашында жер телімін алған жұрт ондағы күнкөріс қажеттіліктерін ойлап бас қатырмаған. Ол кезде бастысы жер алып, құрылыс бастау болған. Енді, міне, бірнеше жылдың жүзі болды, су мен жарық, жол мен қоғамдық көлік бас ауруларына айналды. Қыста қар құрсауында, көктем мен күзде сазбалшықтың ортасында қалатын күнгейліктер үшін күрмеуі шешілмеген мәселе жетерлік. Талай табалдырықты тоздырып, тауы шағылған аудан тұрғындары тақтайдай жол талап етпесе де, грейдерлі жол берілсе деп армандайды. Осыған дейінгі болған сан жиынның бірінде жауапты мамандар мұндағы жол мәселесі 2021 жылға дейін шешіледі деп сендірген. 2018 жылы № 16 маршрут жүретін жол жөнделді, 2019 жылы екі жолда орташа жөндеу жұмысы жасалды. Бірақ мұнымен жол жыры бітті деуге келмейді. Ықшамаудан тұрғындары әлі де жол машақатын сезініп келеді. Естір құлақ табылса, айтуға жақ талмайды деген Күнгей шағынауданының екінші және үшінші кезегінің тұрғындары митинг өткізуге өтінім берді. Олар элиталық ауданның ел білмейтін проблемасын айтуға ниетті. Мұнда заңды қожайыны бар, бірақ игерілмеген жер телімдері жетерлік. Алайда ол жер иелері үй құрылысын бастауға қол байлаулы күйде отыр. Оған себеп — бұл жаққа ауыр техниканың кіріп-шыға алмауы. Мибатпақтан құрылыс заттарын жеткізу мүмкін емес. Бұл маң жұрты сәнді аяқкиім кию, үйге курьер арқылы тамақ алдыру сияқты игілікті қызметтерден қағылып отыр. Мұндағы жұрт батпақты күндері резеңке етіксіз екі аттап баса алмайды. Тіпті қарапайым жедел жәрдем мен құтқарушылардың өзіне Күнгейге жету — машақатты мәселе. Тұрғындардың бірі қазандық қазғызуға, бір құдық қазғызуға ниетті. Бірақ экскаватор жетпейді, ауыр көлік өтпейді.

Жақсылықты жылдап күтіп қажыған жұрт мезгіл- мезгілімен ақша жинайды, қиыршық тас сатып алып, жол жөндеп, өздерінше амалдайды. Бірақ онымен шаруа бітпейді.

Аудан 2000 жылы салына бастаған. Көше жарығы, кәріз туралы айтпағанда, әлі күнге дейін көптеген үйде электр қуаты жоқ. Мұндағы тұрғындар асфальт сұрап асқақтамайды. Тым болмаса тегіс жол болса дейді. Өйткені ең жақын аялдамаға дейін 4 шақырым, ең жақын мектепке дейін 10 шақырым. Маршруттық автобус та, балаларды мектепке апаратын көлік те жоқ. Білім бөлімі де бұл жағдайды оңалтуға қауқарсыз. Талай әкімнің таудай уәдесіне тойып болған жұрт бұл жолы Эльдар Дүйсетаевты тыңдады. Өз кезегінде Қазыбек би ауданының әкімі:

— Жол жасау барысына қажетті қаржылық көлемді анықтау үшін Коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандарымен есептік жұмысқа кірісеміз. Бірінші кезекте бізге мұнда негізгі көшелерге жол ашу керек. Әрі қарай жұмысқа келетін болсақ, біз жобаны іске асыру үшін Қаржыландыру бөліміне жүгінеміз, — деп сендірді.

Әкімнің айтуынша, электр энергиясын Күнгейге кідіртпей жеткізу жоспарда бар, бірақ құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жұмыс уақытша тоқтатылды және жоба қазір түзету үстінде

Ал Қарағанды қаласы Жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің жолаушылар көлігі секторындағылар:

— Қазір қоғамдық көліктердің бағытын өзгертіп жатырмыз. Тұрғындардың сұраулары бойынша қосымша аялдамалар орнатамыз, — деді

Қазір Күнгейге қатынайтын автобус жоқ емес, бар. Бірақ өте сирек жүреді, сарылып көлік күту қыстың сақылдаған сары аязында кішкентай балалар мен қарттарға қиындық тудырары сөзсіз. Маусымнан бастап олар енді шағынаудандарға кірмейді, тек тасжол бойына тоқтайды. Бұл ауданда мектеп, балабақша және инфрақұрылым бар, бірақ олар шағынаудан тығыз қоныстанған жерде ғана.

Айта берсе, Күнгей ықшамауданында шешілмеген мәселе шаш етектен. Шыдамы жеткендер жылдап күтсе де, жақсылықтан күдер үзбеуде. Ал төзімі таусылып, тауы шағылғандар жер телімдерін сатуда.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, «QH»