Көненің көзі музей төрінде

Қарағанды облыстық тарихиөлкетану музейінің 90 жылдығы қарсаңында мұражай экспонаттары құнды жәдігерлермен толықты. Соның ішінде бүгін мұнда Қарағанды облысының ең егде тұрғыны болған, 130 жас жасаған қарияның Құран кітаптары тапсырылды. Мамандар кітаптардың кемі 3 ғасырлық тарихы бар екенін айтады.

Музейден бір бұрыш бұйырып, заттары қойылған Сахан Досованың бір ғасырдан астам ғұмыры шым-шытырыққа толы. Оның ата-анасы небары 6 жасында обамен ауырып қайтыс болып, жалғыз қалады. Онан соң 18 жасында тұрмыс құрып, жеті құрсақ көтереді. Бірақ аштық жылдары жетеуі де аман қалмаған. Ал жұбайы болса Сталинград түбіндегі шайқаста шейіт болған. Соғыстан кейін екінші рет күйеуге шығады. Содан үш бала көтереді. Тек осы кезде ұрпақ-жұрағаты жалғасады. Музейге заттарын қойған шөбересінің өзі бүгінде 66 жаста. Құрма тасынан жасалған тәспі, ешкі жүнінен тоқылған шәлі және апаның өз қолымен тігілген перделері мен ескі сағаттары қазір музейдің ерекше экспонаттарына айналып шыға келді. 2009 жылы қайтыс болған Сахан әже кезінде талай асылдарды көзі көргенін айтып отырыпты.

«Ақтар кетіп, қызылдар келген заман ғой. Мен күйеуге тигенде, Ленин әлі қатын да алмаған. Маған не қыл дейсің, нешеде екенімді өзің есептесейші» деп айтатын еді. Өзі қалжақ болатын, Семейдің қызы ғой. «Семейде шай сатып жүргенде Жамбыл Жабаевты көрдім, ақымақ болдым, сонда сол шалға көнбеп едім» деп күлген. «Қажымұқанды көрдім, желкесінен алып ап құлатқанын көрдім» деп айтып отыратын, деп еске алады марқұм әжейдің шөбересі Гүлғайым Кәмиева.

Музейде жыл басынан бері «Жәдігерлер шеруі» деген жоба басталған. Оның аясында музей қызметкерлері ел-жерді аралап, тарихы терең, тұрғындарға қызықты болатын жәдігерлерді іздейді. 3 ғасырлық тарихы бар Құран кітап ең құнды жәдігер болып отыр.

Бұл құрандар сонау 18 ғасырдың шамасы болу керек. Бұл тек тарихи емес, ғылыми және діни тұрғыда да өте құнды, сирек кездесетін кітаптар қатарына жатады. Көп оқығаны сонша, кітаптың шет жақтары жыртылып та қалған. Сондықтан біз оны әр парағын файлға салып, тиісті температурасын сақтай отырып көрермен назарына ұсындық, деді Тарихиөлкетану музейінің ғылыми қызметкері Динара Амангелдіқызы.

Сахан әже 130 жасында таяқ ұстап жүре берген. Өле-өлгенше көзіне көзілдірік тақпай, 32 тісі сау болыпты. Ол туралы америкалық тілшілер де жазған. Шөпшек көрген қарттың қазір 3 баласынан 8 немере мен 12 шөбере бар.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»