«Күміс жас» жобасынан күтеріміз көп
Облыста зейнетақы жасына дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша «Күміс жас» бағдарламасы іске асырылуда. Айта кетелік, бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтарға жұмыс орындары ашылады. «Күміс жас» жобасына қатысушылар – зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдар. Еңбек министрлігінің мәліметінше, жоба жыл сайын 5 мың адамды қамтиды.
Мәселен, Азат Зияев есімді азамат өмір бойы түрлі ұйымда жүргізуші болып жұмыс істеген екен. Алайда зейнетке шығуына екі жыл қалғанда тығырыққа тіреледі. Өйткені тәжірибелі маман болса да, көптеген ұжым зейнет жасына жақындаған адамды жұмысқа алудан бас тартқан.
– Бұл жаста ешкім жұмысқа алмайды. Жұмыс берушілер жас кадрларды іздейді. Тіпті елу бес жастан кейін жұмысқа қабылдаудан бас тартады. Ал мен сияқты алпыстан асқанда жұмыс іздеп те керек емес. Елу-алпыс теңгені ұсынатын күзетшілік қызметтер болды. Алайда кейін мен Халықты жұмыспен қамту орталығына барып жүгіндім. Ол жерде маған «Күміс жас» бағдарламасын қолданып көруді ұсынды. Көп ойланбай ұсынысты бірден қабылдадым. Біраз уақыттан кейін мені Абай қаласындағы автокешендердің біріне жіберді. Жүк тасымалдаумен айналысатын кәсіпорынға жүргізуші керек болған екен. Осылайша жұмысқа орналастым, – дейді Азат Зияев.
Мемлекеттік бағдарламаларды қолдаған кәсіпкерлер елеусіз қалмайды. Оларға да міндетті көмектер көрсетіледі.
– Мен Жұмыспен қамту орталығы арқылы «жүргізушілер керек» деп өтініш жасадым. Олар «Күміс жас» жобасы арқылы зейнет алдындағы қызметкерлерді ұсынды. Мен де бірден қабылдадым. Жұмыскерлерге толықтай көңілім толады. Кейде бізді, жастарды, үйретіп, өз білімдері мен тәжірбиелерімен бөлісіп отырады. Жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарайды, – дейді кәсіпкер Қуаныш Тұрсынбеков.
Жұмыс беруші бір адаммен тоқтамай, бір ай бұрын тағы бір қызметкерді, Марат Құсайыновты, жұмысқа қабылдаған. Оның зейнетке шығуына екі жыл ғана қалған.
– Жұмысқа келгеніме бір айдай уақыт болды. Автобус жүргіземін. Жалақым жүз сексен мың теңге көлемінде. Осыған дейін де талай жыл жүргізуші болып қызмет атқарғанмын. Жалпы, «Күміс жас» сияқты жобаның пайда болып, біз сияқты адамдарға қолдау болып жатқанына өте қуаныштымын. Қазір міндетті зейнетақы жарналарым мен салықтар төленіп, көңілім жайланды. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді Марат Құсайынов.
«Күміс жас» бойынша қызметкер қабылдаған жұмыс берушіге субсидия бөлінеді. Яғни бағдарламаға қатысушылар жалақысының жартысын мемлекет, екінші бөлігін жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін ескере отырып субсидияның ең жоғары шегі – 30 АЕК (91 890 теңге). Экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Егер де айлығы 200 мың болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді.
«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанша тұрақты жұмысқа алуға міндетті.
«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарына немесе Еnbek электронды еңбек биржасына жүгіну қажет.
Еnbek электронды еңбек биржасы арқылы тіркелу:
– Enbek.kz-те жеке кабинет ашыңыз;
– Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу өтінімін толтырыңыз және ЭЦҚ-мен қол қойыңыз;
– Өтінім автоматты түрде тексерілгеннен кейін, жеке кабинетіңізге хабарлама келеді.
Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»