Күміс жүлде

Қарағандылық «Тұлпар» командасы фиджитал футболдан Brix турнирінің күміс жүлдегері атанды. Жарысқа 90 ел қатысқан. Біздің спортшылар халықаралық аренада өздерін көрсеткенімен, жергілікті биліктен әлі де болса, қолдау күтуде.

Жарыс Ресейдің Қазан қаласында өтті. Жалпы саны 90 ел қатысқан аламан бәйге 30 түрлі бағытта сайыскерлерді сынға салды. Қазақстан оның 13-не қатысты. «Тұлпар» командасы фиджитал-футбол деп аталатын ерекше бағытты таңдаған.

– Біздің команда фиджитал-футбол деген жаңа бағытта ойын көрсетті. Мұнда 4 спортшы алаңда ойнаса, 4-і киберспортта өнер көрсетеді. Яғни ойын консольі арқылы жарысады. Бізге оңай болды деп айта алмаймын. Бұл жарысқа келу үшін тер төгіп, 1 жарым ай бойы ауқымды дайындық жасадық, – дейді «Тұлпар» футбол командасының капитаны Владислав Черномордов.

Жарыста командаларды арнайы топтарға бөлді. Ол жерде қарағандылықтар Бразилия құрамасының ойыншыларына қарсы түсті. Десе де футболдың отанынан шыққан ойыншылар біздің кеншілер астанасынан барған ойыншыларға төтеп бере алмады. «Тұлпар» командасы оларды 5-4 есебімен жеңді. Келесі кезекте Белоруссия және Венесуэлла елдерінен келген командалар да қарағандылықтардан жеңіліс тапты. «Құрама капитаны тіпті қандай есеппен аяқтағанымыз есімізде жоқ», дейді. Тек финалдық кездесуде ғана Ресей ойыншыларына есе жіберді.

– Біз үлкен жетістікке жеттік деп ойлаймын. 90 мемлекет қатысқан жарыста Қазақстанға күміс жүлде сыйладық. Енді аймақ басшылары бізді қолдап, қол ұшын созса дейміз. Команда жоғары дивизионға өтуге уақыты жеткен сияқты. Қарағандыға да тек алтын мен күміс жүлделер алып келеміз, – дейді Владислав Черномордов.

«Тұлпар» командасында қазір 300-ге жуық ойыншы жаттығады. Олардың алға қойған мақсаты – Қазақстанның премьер лигасына шығу. Әкімдіктен қолдау болып, одан да үлкен жетістіктерді бағындырса, өсіп келе жатқан жас буынға үлкен сенім берер еді, дейді құрама спортшылары.

– Біз қазір мемлекеттен көмек болар деп күтіп отырмыз. Себебі, біз бірінші лигада ойнаған едік. Ал ол жерде жеңген команда Қазақстанның супер лигасында бақ сынайды делінген. Біз қолдан келгеннің барлығын жасап, жеңіске жеттік. Енді тек биліктен қолдау күту ғана қалды. Себебі, Қарағанды бойынша «Тұлпар» командасының ойыншылары жарыстарда тек алғы шепте өнер көрсетеді. Әрдайым жеңіспен оралады, – деп атап өтті «Тұлпар» командасының бас жаттықтырушысы Александр Гребонос.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»