Күміс домбыра Қарағандыда!
Облысымызда сүйінші жаңалық! Биылғы жылдың басты рухани шараларының бірі – «Күміс домбыра – 2025» республикалық жас ақындар айтысы Шымкент қаласында өтті. Бұл айтыс ұлт руханиятының батыры, түріктанушы ғалым Бейсенбай Кенжебайұлының 120 жылдығына арналды. Дәстүрлі өнерімізді дәріптеген додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 жас ақын бақ сынасты.
Айтыстың басты ерекшелігі – қатысушылардың кіммен сөз сайысына түсетінін алдын ала білмеуі. Барлығы жеребе арқылы шешіліп, төрт айналым бір күнде өтті. Бұл нағыз суырып-салмалықтың, шынайы айтыстың бейнесін көрсеткен тамаша жарыс болды.
Айтыс қорытындысы бойынша, Бас жүлдені қарағандылық Нұрмұхаммед Байсүгіров жеңіп алды. Ол күміспен қапталған домбыра мен 1 миллион теңге жүлденің иегері атанды. Жеңімпаз: «Ақыны әкімін іздесе – ол елдің сорлағаны, әкімі ақынын іздесе – ол елдің болашағының жарқын болмағының көрінісі» деген даналық сөзді тілге тиек етіп, сол секілді «елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайда» дегендей бізге осындай сый, құрмет көрсетіп, кішкентай ғана еңбегімізді елеп, ескеріп, салтанатты күтіп алып, құшақ жайып, құттықтауларын білдіріп жатқан арқадағы барша арқа жұртшылығына, ұстаздарына, мәдениет басқармасына алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласында тұңғыш рет «Күміс көмей» республикалық дәстүрлі ән байқауы өтті. Қазақстанның халық әртістері Үрия Тұрдықұлова мен Жамал Омарованы еске алуға арналған бұл байқауда 16 өнерпаз сынға түсті. Қазылар алқасында қазақ ән өнерінің майталмандары төрелік етті. Қуандық Төкенов екінші орынды иеленіп, 500 мың теңге жүлдеге ие болды.
Бұл жетістіктер Қарағанды өңірінің мәдениет пен өнер саласындағы жоғары әлеуетін көрсетеді.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»