Көмірді өнерге айналдырған шебер

Қарағандылық дизайнер Ольга Целлер көмірді зергерлік өнердің негізгі материалына айналдырып, тың бағытта жұмыс істеуде. Көпшілікке таныс қарапайым материалдан әсем әшекей жасау – ерекше талғам мен табандылықты қажет етеді. Республикалық жобаға алғаш рет қатысқан дизайнер туған қаласының болмысын айқындайтын символ іздеп, көмір тақырыбын таңдаған. Кеншілер қаласының басты белгісіне айналған қара тасты өнер деңгейіне көтерген оның туындылары бүгінде халықаралық сахнада танылып отыр.

Шебердің тынымсыз қолы қара тасты жонып, оған жан бітіріп жатқандай. Әуелде сұсты, өңделмеген күйінде көрінетін шикі материал уақыт өте келе нәзік те әсем әшекейге айналады. Негізгі мамандығы экономист болғанымен, Ольга жүрек қалауына құлақ асып, шығармашылық жолды таңдады. 2013 жылдан бері әртүрлі материалдармен тәжірибе жасап, 2019 жылы өзіне тән қолтаңбасы бар жеке брендін қалыптастырды. Оның туындыларында дәстүрлі асыл тастардың орнын көмірден жасалған ерекше элементтер басқан.

– Алғаш жасаған әшекейлерім тым нәзік болып, күнделікті тағуға қолайсыз еді, тіпті киімге жағылып қалатын. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, материалды тұрақтандырудың тиімді тәсілдерін үйрендім. Қазір бұйымдарым берік, қауіпсіз әрі еркін тағуға толықтай жарамды, – дейді Ольга Целлер.

Бұл материалмен жұмыс істеу айтарлықтай төзім мен дәлдікті талап етеді. Сынғыш көмірді арнайы өңдеп, тұрақтандыруға кейде екі аптаға дейін уақыт жұмсалады. Арнайы шайырмен сіңіріле өңделген қара тас берік сипатқа ие болып, қолға да, киімге де зиян тигізбейді. Шебер көмірдің бірнеше түрін тәжірибеден өткізіп, сапасы жағынан ең қолайлысы антрацит екенін анықтағанын айтады.

– Жалпы, мен әртүрлі материалдармен тәжірибе жасағанды жақсы көремін. Ағашты да, теріні де, тіпті эпоксидті шайырды да қолданамын. Көмірдің ішінде ең берік әрі сапалысы – антрацит, бірақ оны табу оңай емес. Қазір көмір тасушылардың көбі мені таниды, үйге көмір алдыртсам, міндетті түрде бір шелек ерекше, іріктелген түрлерін қосып әкеліп береді, – дейді дизайнер.

Ольганың шығармашылығы көпшілікке шабыт сыйлап келеді. Сол шабыт алған жандардың бірі – Наталья Старостина. Алдымен ол дизайнердің әлеуметтік желідегі жұмыстарын қызығушылықпен бақылап, кейін әшекейлерін сатып алған. Уақыт өте келе бұл қызығушылық тереңдей түсіп, Наталья шеберлік сабағына қатыса бастайды. Бүгінде ол да өз қолымен түрлі бұйымдар жасап, жаңа кәсіп жолындағы алғашқы қадамдарын сеніммен жасап жүр.

– Ольга – өте ашық мінезді, батыл әрі шабыт сыйлайтын жан. Оның туындылары маған ерекше әсер етті. Әшекейлерін тағып көргеннен кейін бұл саланы өзім де сынап көргім келді. Қазір өз қолыммен бұйымдар жасап, оларды сатуды бастап кеттім. Әсіресе гүл бейнесіндегі әшекейлерді жасағанды ерекше жақсы көремін, – деп атап өтті шеберлік сабағына қатысушы Наталья Старостина.

Ольганың еңбегі бірнеше отандық байқауда жоғары бағаланып, әртүрлі көрмелер мен арт-жәрмеңкелерде таныстырылды. Былтыр қыркүйек айында оның бренді Милан сән апталығында өз көрерменін табты. Дизайнер көрсетілімге кәсіби модельдерді емес, өз құрбыларын ертіп баруды жөн көрді. Сол арқылы подиумда әртүрлі жастағы, әр салада еңбек ететін 14 әйел өнер көрсетті, бұл көрініс көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

– Мұндай сән көрсетілімдері әдетте ақылы болады. Сондықтан біз шығармашылық топпен бірге барып, барлық шығынды бөлісіп көтердік. Мен өз қаламды шын мәнінде жақсы көремін, сондықтан Миланға барып Қарағандымның тарихын баяндау, сондай-ақ Қарағанды көмірін таныстыру мен үшін ерекше мақтаныш болды, – дейді шебер Ольга Целлер.

Алдағы уақытта дизайнер өз әшекейлер коллекциясын кеңейтуді жоспарлап, қазақстандық дизайнды халықаралық аренада танытып, насихаттауды мақсат етеді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»