Көмір бағасына мемлекеттік бақылау: ЖЭО тарифін қорғау жоспары

Қазақстанда Жылу-электр орталықтарына (ЖЭО) арналған көмір бағасын мемлекеттік реттеу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл бастама Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің энергетикалық көмір өндірушілерінің бағаны негізсіз көтеру фактілерін анықтауынан кейін көтерілді. Мұндай баға өсімі соңғы тұтынушылар үшін электр және жылу тарифіне тікелей әсер етеді.

Қазақстандағы ЖЭО-ларға жеткізілетін көмірдің 70%-ын Екібастұз көмір бассейніндегі «Богатырь Көмір» ЖШС өндіреді. Агенттік мамандарының айтуынша, бұл нарық іс жүзінде монополиялық сипатқа ие. Соңғы бес жыл ішінде компания көмір бағасын 5-тен 21,5%-ға дейін бірнеше рет көтерген. 2023 жылы агенттік «Богатырь Көмірге» қатысты тергеу бастаған, ал сот екі жылға созылған да, агенттіктің әрекеті заңды деп танылды.

Қазіргі уақытта электр және жылу энергиясын өндіру мен жеткізу тізбегінде мемлекеттік баға реттеуі бар, бірақ тек энергетикалық көмір бағасы бақылауда емес. Баға инфляция деңгейімен сәйкес келмей өссе, ЖЭО шығынға ұшырайды. Осыны ескере отырып, агенттік энергетикалық көмір бағасына мемлекеттік реттеу енгізу туралы заңға өзгерістер ұсынды. Бұл бастама қазір Мәжілісте талқылануда.

– Жылу және электр энергиясы тарифіндегі негізгі шығындардың шамамен 60%-ын көмір құрайды. Бұл тұтынушылар үшін соңғы бағаға тікелей әсер етеді, сонымен қатар азық-түлік пен коммуналдық қызмет бағасының өсуі арқылы жанама ықпал етеді, – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жанар-жағармай-энергетикалық кешені департаменті басшысы Сәкен Жүніс.

Қазіргі таңда халыққа арналған көмір бағасы мемлекеттік реттеуге жатпайды, алайда агенттік бұл бағытты да қарастыруда.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»