«Күмбірле қоңыр домбыра»

Қарағанды ​​облыстық бейнелеу өнері музейінде Ұлттық домбыра күніне арналған «Күмбірле қоңыр домбыра» атты арт-импровизация өтті. Шара аясында домбыра мен кей күйдің тарихы баяндалды.

– Ұлттық домбыра күні деп жарияланған жылдан бастап, біз жыл сайын осы күнге орай түрлі шара өткіземіз. Арт-импровизацияны биыл екінші жыл өткізіп жатырмыз. Біз болған нәрсені қайталамай, жаңа, қызықты нәрселер жасауға тырысамыз. Бүгінгі арт-импровизация бірден екі шеберлік сыныбын қамтыды. Барлығы 20 өтініш түсті, – дейді музейдің ғылыми қызметкері, арт-импровизация кураторы Айгүл Омарова.

Шеберлік сабағының бірінде домбыра сыныбы бойынша педагог, №1 БММ «Думан-сазы» балалар фольклорлық ансамблінің жетекшісі Ернат Ұзалин өзінің фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен домбыраның құрылу тарихы, оның құрамдас бөліктері және күйлер құру төңірегіндегі аңыздар туралы айтып берді. Мысалы, олардың бірі қала басшысы Браун әйелінің құрметіне ұйымдастырылған би кешіне Құрманғазыны шақырғанын, сол жерде Құрманғазы «Балбырауын» – Браун балына арналған күй ойлап тауып, ойнағанын айтады.

Сондай-ақ музей экскурсовод жетекшісі Елена Кондратьевадан түрлі көркем материалмен домбыра салу бойынша шеберлік сабағы өтті.

– Биыл арт-импровизациядағы біздің мақсатымыз халықты домбырамен жақсырақ таныстыру, ол үшін бізде сипаттамасы жазылған домбыраның суреттелген эскиздері бар. Өйткені музыкамен айналыспайтындар бұған ерекше қызығушылық танытпайды, бірақ мұнда келіп тыңдауға, бейнелеу өнерінде қалай екенін көруге мүмкіндік бар. Осы шараға дайындалып жатқанда, мен мынадай мәселеге тап болдым: бізде балаларға арналған домбыра сызбалары өте аз, мен анықтамаларды іздедім, мысалы, оның қалай жасалғаны туралы және бояу кітаптары жоқтың қасы, тек кейбір векторлық сызба, ұйымдар мен афишаларға арналған суреттері ғана бар, – дейді Елена.

Еске салайық, шілде айының бірінші жексенбісі Қазақстанда қазақ мәдениетінде маңызды орын алатын және ұлттық музыкалық аспап саналатын  –  Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Бұл мереке 2018 жылдан бері тойланып келеді.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»