Көлді тазалау

Саябақтағы көлді бес жылда тазалайды. Бұқпа өзенін тазарту жобасы арқылы, орталық саябақ көлінің суын толтыру көзделген. Батпақтанып кеткен Бұқпа өзеніне қатысты келеңсіздікті соңғы жылдары қала белсенділері мен мамандар жиі айтуда. Қарағандыда биыл Үлкен Бұқпа өзенінің арнасын санитарлық тазарту жобасын бастағалы отыр. Бұл өзен соңғы рет 1986 жылы тазартылған. Бір кездері облыс орталығын көрікті еткен өзен арнасын тазалау жұмыстары қалай жүргізіледі?

Қарағанды қаласында сәуір айынан бастап Үлкен Бұқпаны қайта құру жобасын жүзеге асырып, оған 1,7 миллиард теңге жұмсалмақшы. Өзен арнасының 17 шақырымнан астамы тазартылып, тереңдетіледі. Сарапшылардың пікірінше, жұмыстың мақсаты – Орталық саябақтағы Қарағанды көлін қалпына келтіру емес, бірақ соған қарамастан, бұл жоба көлге әсер етеді. Жасанды су қоймасын толықтырудың бірден-бір көзі – Бұқпа суы. Гидрологтардың есептеуі бойынша, ағынды жүйе және суды толтыру саябақ көлінің үштен бірін жылына таза сумен жаңартуға, ал 4-5 жылда су қоймасы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. Жергілікті көп сатылы тазарту жүйесі лас қоспалардың көлге түсуіне жол бермейді және тазартылған кезде сіз көлде жүзе аласыз. Бүгінгі күні бұл ішек паразиттері түрінде суда тосынсыйлардың болуына байланысты жүзуге тыйым салынған. Енді экологтар мен коммуналдық қызметкерлер рұқсат етілмеген кәріз төгінділеріне қарсы жұмыстарды жариялады. Ұзындығы 2 жарым шақырымды құрайтын саябақтың ішінен өтетін Бұқпа өзенінің арнасын тазалау жұмыстары басталды. Бірақ бұл жерде белгілі бір проблемалар бар. Бұл – коллектордың бойында жасыл өсімдіктердің болуы.

– Бұл жердің барлығы жасыл-желектермен көмкерілген. Біз су арнасын тазалау үшін, ағаштарды кесуімізге тура келеді. Бұл сұрақтар талқыланды және шешілді. Келесі аптадан бастап саябақтың аумағы тазартылады. 4 жылдан астам уақытта саябақтағы көл толығымен тазартылады, – дейді «Гидроқұрылыс» ЖШС учаскесінің басшысы Нұралы Қалиев.

Мердігерлер осы жұмыс барысында әртүрлі жерде 134 ағашты алып тастау керек дейді. Алайда саябақ басшылығы мұнымен келіспей, шығынды барынша азайтуға тырысуда.

– Бұл өте өзекті сұрақ, қала халқын алаңдатқан мәселе. Біз мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының қатысуымен барлық шығынды есептейтін боламыз. Кез-келген ағаш назардан тыс қалмайды. Жоба өз жемісін алып келеді, кір суды барынша тазартады, – дейді Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының директоры Талғат Байтохин.

Басқарма тарапынан айтылған ұсыныстарды мердігерлер ескерсе, 20 шақты ағашты сақтап қалу мүмкіндігі бар. Үлкен Бұқпа өзені арнасынан ауыр техниканың көмегімен, жылдар бойы жиналған лай, қоқыстар шығарылуда. Бүгінгі таңда мердігерлердің айтуынша, өзеннің қалаға кіретін шағын, бірақ ең маңызды учаскесі тазартылды. Өзен арнасы мен жағалау аймағын тазарту екі жағынан басталды: бастауы – Костенко шахтасының маңында және Новогородская көшесінің артындағы тұрғын үй жаны. Бұқар жырау мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында өзен коллекторға құяды. Кейінгі жылдары тау сулары бұл өзенге құйылмауы салдарынан, жақын маңдағы аудандарға су жайылды.

– Бұл жұмыстардың барлығы қолмен жасалды, олар арбамен барлығын төменнен шығарып алды, себебі, екі метрлік құбырға механикаландырудың кез келген түрін салуға болмайды, ал сорғылар жұмыс істемейді, өйткені, бұл жерде таза лай ғана емес, бәрі қоқыс, кір, лай. Ішінде – балласт, бәрі жуылып, бетон сияқты болып қатып тұр. Оларда көктемде су тасқыны болды, ал қазір қалпына келтіріп, тазалап, судың деңгейін төмендетсек, олардың жертөлелерінің барлық жерінде су болмайды, өйткені, жерасты суларының деңгейі өзен арнасына қосылады. Олардың да жерасты суларының деңгейі өте жоғары екені белгілі болды, – деп атап өтті «Гидроқұрылыс» ЖШС учаскесінің басшысы Нұралы Қалиев.

Сондықтан су тасқыны мен жауын-шашын кезінде кептелістен су өте алмады. Маңайдағы үйлердің тұрғындары жыл сайын су басатынына, жертөлелердің ылғалдылығына, сасық иіске шағымданатын. Өзенді тазарту мақсатында тұрғындар тарапынан рұқсат етілмеген кәріз жүйелері де жойылады. Оңалту жобасының қажеттілігі туралы шешім 2021 жылы бекітілді. Одан кейін өзенді жан-жақты тазартудың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу басталды.

– Табиғи ресурстар басқармасының тапсырысымен Үлкен Бұқпа өзенін қалпына келтіру жобасы әзірленді. Бүкіл 17 шақырымда қоқыс пен қамыстан арылту, тереңдету, арнаны кеңейту, коллектордағы бетон жұмыстары қарастырылған. Бұл жоба маңызды. Өзен 1986 жылы тазартылған. Жоба құны – 1,7 миллиард теңге, – деді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы Шахназар Сейтимов.

Жерасты кәрізін жөндеу және қайта қарау жұмыстары жоспарлануда. Сонымен қатар, Баженов көшесі ауданындағы жабық коллектордың соңынан табиғи ойпатқа дейінгі аумақта өзен арнасын бетондау жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, Үлкен Бұқпаны қалпына келтіру жобасы келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»