Көктемде жұқпалы ауру қаупі артады

Көктем мезгілінде адамдар арасында жұқпалы аурулар мен тағамнан улану жағдайлары көбейеді. Мамандар осы кезеңде қарапайым гигиена талаптарын сақтап, алдын алу шараларын күшейтуге шақырып, соңғы ахуал бойынша мәліметтер ұсынды.

Тез бұзылатын тағамды уақытында қолданбау немесе астың әртүрлі түрін дұрыс сақтамау соңында жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Гигиенаның нашарлауы адамның денсаулығына әсер ететініне сала мамандары назар аудартады.

– Тамақтан улану кенеттен бір мезгілде басталып, зардап шеккендердің көптігімен, бірнеше адамның бір өнімді немесе тағамды тұтынуымен және аурудың қысқа ағымымен сипатталады. Улану кезінде тамақтан кейін 2-4 сағаттан соң жүрек айну, әлсіздік, безгек, құсу, диарея сияқты белгілер пайда болады. Балалар, егде жастағы адамдар және асқазан-ішек аурулары бар адамдар тамақтан улануға өте сезімтал, – деді Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департамені басшысының орынбасары Гүлжан Байқұтанова.

– Инфекция балаларға, жүкті әйелдерге және иммунитеті төмен адамдарға аса қауіпті, – дейді мамандар. Көктем мезгілінде тағамнан улану жағдайларының көбейетініне назар аударған сала жетекшілері иммунитетті арттыру маңыздылығын атап өтті.

– Қоғамдық денсаулыққа елеулі қауіп төндіретін ең жұқпалы вирустық аурулардан сақтану мен қорғану өзектілігін сақтайды. Инфекция ауа тамшылары арқылы таралып, вакцина алмаған тұрғындар арасында да тез жұғады. Қарапайым гигиеналық ережелер мен ұсыныстарды сақтау сізге және жақындарыңызға денсаулықты қорғауға мүмкіндік береді, – дейді Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин.

2026 жылдың басынан өңірде қызылшаның 278 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. 14 жасқа дейінгі балалар бұл көрсеткіштің 86%-ын құрайды.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»