«Көкек әке» неге көбейді?
Қарағанды облысында өткен тоғыз айда 9 адамның алимент төлемегені үшін 2 жылға дейін бас бостандығы шектеліп, сағаттап қоғамдық жұмыстарға жегілген. Баласының алдында берешегі бар тағы 233 әке іздестірілуде.
Жалпы, облыста қазір алимент өндірісі бойынша 19 мыңнан астам іс бар. Оның 1 700-ге жуығы аталған берешекті уақытында төлемей жалтарып жүр. Мұның басты себебі – жұмыссыздық. Осы орайда жеке сот орындаушылары жұмыс берушілерді ваканттық орындарға жұмысқа қабылдауға шақырады. Себебі қашқындардың көлігін тәркілеп, дүние-мүлкін аукционда сату, қала берді, шетелге шыға алмайтындай етіп шектеу қою аталған мәселенің түйінін шеше алмай отырған көрінеді. Оның үстіне, жұмыссыз жандардың берешегі Қазақстандағы орташа жалақының, яғни 300 мың теңгенің 25 пайызы ретінде есептеледі. Бұл да жығылғанға жұдырық болып отыр, мамандардың пікірінше. Сондықтан жеке сот орындаушылары жұмыс берушілерді әлеуметтік жауапкершілікке шақырып отыр.
– Мемлекеттік қызмет дейміз, оларда мемлекеттік қызметтен басқа техникалық жұмыс орындары болады. Соларға біз заң тарапынан әлгіндей әкелерді де жұмысқа алса дейміз. Мысалы, бір мекемеде 5 жұмыс орны бос болса, оған әлеуметтік жауапкершілік ретінде алимент жөнінде борышкер 2 адамды қабылдап отырса, біз проблеманы шешер едік, – деп жорамалдайды Облыстық жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Қайрат Жұмабай.
Қарағанды облысында ата-аналар балаларына шамамен 2 миллиард теңге қарыз. Ер адамдар балаларына алименттік төлем жасаудан жалтарудың небір айласын тауып алған. Құқық қорғау органдары қазір жасырын кірістерді анықтау үшін рейд жүргізеді. Мысалы, «Бүркіт» және «Автоураган» жүйелерінің көмегімен қарызы бар жандардың жеке мүлкімен шетел асуына шектеу қойылған. Облыста алимент бойынша 19 мың борышкер бар. Олардың 1500-ден астамы еш жерде жұмыс істемейді.
Расул МҰХАММЕД,
«QH»