КҮЙШІ МАНАП
Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, бір кедейдің үш ұлы болыпты. Тәңірдің берген сыны болар, үшеуі де кем туыпты. Бірі керең, бірі соқыр, бірі мылқау. Күн артынан ай туып, ай артынан жыл келіп, балалар есейеді. Есейгені мұң екен, үшеуі де түнде ғана өмір сүретін болыпты. Күндіз ғайып болып кетеді екен. Кедей күні-түні Жаратқанға жалбарынып, балаларының тілеуін тілейді. Алланың берген бағы болар, үшеуі де ерекше қабілетке ие жанға айналыпты. Ол қандай қасиет дейсіз ғой?
Әлем тылсым мен ғажайыпқа толы. Бір қызығы, әлгі керең – күйшіге, соқыр – суретшіге, мылқау – ақынға айналыпты. Қалайша? Кім білген? Жаратушы Иеміз кемшілік пен артықшылықты қатар береді. Құдай әділ. Естімейтін адам өзінің ерекше мүмкіндігімен ғаламат күйді дүниеге әкеледі. Соқыр сау адам көрмеген дүниені қағазға түсіреді. Мылқау болса, айта алмаған сырын өлеңмен жеткізеді екен. Қарама-қайшылық па, әлде басқа дүние ме, ол жағын білмедік.
Бұл – «ақын мылқау, күйші керең, суретші соқыр болуы керек» деген тұжырым емес. «Гомер соқыр, Бетховен керең болды» дегеннен туған ой да емес. Көру, есту, сөйлеу қабілеті – шартты дүние ғана. Ең бастысы – сезім мүшесі. Әлгі адамдарда сезім мүшесі сау адамдардан екі-үш есе жақсы жұмыс істейді. Ерекше болып келеді. Суретшінің көре білуі, күйшінің ести білуі, ақынның сөйлей алуы міндетті емес. Өнер адамдарының сезім мүшесіне салмақ түсіретіні сондықтан. Себебі бәрі де естиді, көреді, сөйлейді. Ал әлемнің тылсым дүниесін барлығы бірдей сезіне бермейді. Шығармашылық адамдарының сирек болуының бірден-бір себебі – сол.
Өнердің төресі – күй. Поэзия мен суретте де ғажайып жетерлік. Дегенмен күйдің орны ерекше. Қаламызда бір күйші бар. Оның күйі түнде үн қатады. Түннің бір уағында сол күйді тыңдаймын. Маған ғана естілетін күй ме, әлде басқа ма, ол жағын білмедім. Күй былай дейді:
«Бойымды қорқыныш биледі. Алқымнан қысты. Шыдадым. Төзу мүмкін емес еді. Жігер қосып: «Жоқ, адамды жеңе алмайсың», – дедім. Өтемін. Жеңемін. Жеңістің туын тігем. Талай мәрте сүрінерім, қателесерім анық. Бірақ өмір – сонысымен өмір. Сағыныш пен махаббатымды өлтірме. Менің барым мен нәрім де – сол. Уа, жарық дүние! Сабыр мен қуат, күш бер. Тәңірім, жарылқай гөр пендеңді». Бұл – дұға. Әр адамның өз көңіл-күйі бар ғой. Басқа адамға мүлде бөлек әсер берер.
Бұл күйдің авторы – Манап Анықбеков. Күйдің атауы – «Өмір өткелі». «Қай ғасырда өмір сүрген?» деп сұрақ қоярыңызға бәс тігемін. Себебі «күйші» деген сөз архаизмге айналып кеткендей көрінеді. Манап Анықбеков – замандасымыз. Күй өнеріне нық қадаммен, өзіне тән үнімен келген өрен. Иә, күйшілер өлген жоқ. Күй өнері Тәттімбет, Құрманғазылармен тәмамдалмаған. Секен Тұрысбек, Жанғали Жүзбай болып жалғасын тапқан. Манап Анықбеков – сол Жанғали Жүзбай ағамыздың шәкірті.
Күй шертіп жүргеннің бәрі – күйші емес. Олар – орындаушылар ғана. Күйші деу оған баға бергенмен бірдей. Өнер адамын мойындау. Сыйлық атаулыдан биік дүние.
Күйдің әсері көкейде ғана қалу керек шығар. Дегенмен күйден алған әсерді қара сөзбен жеткізгің келеді. Манап Анықбековтің «Үш Арыс» күйі не дейді? Әлихан, Жақып, Әлімхан бабасына нені жеткізгісі келді?
«Есі ауысқан дүние-ай! Қызы түздің, ұлы үйдің адамына айналған заман-ай! Арыстарым-ай, дүниенің дүрбелеңін көргенде осындай күй кешемін. Бағзы қазақтың мінезі қайда, болмысы қайда, қайраты қайда кетті? Еркіндігім-ай! Не дейін саған?! Немді айтайын?! Азған ұлыңды ма, тозған қызыңды ма? Қор болған намысымды ма, кетілген қайратымды ма? Немді айтайын, еркіндігім?! Немді айтайын, арыстарым-ау?! Шейіт болған батырларым-ау! Күйім – осы, жеткен биік – осы» деп бабаларына мұң шаққандай болады.
Ал «Арнау» деген күй ше? Бұл күй марқұм ағасына арналған. Тіреуінен, демеушісінен айырылған інінің, бауырдың күйі қандай? Күйші осыны жеткізе алды ма? Жалғанда жалғыз жортып келе жатқан бауырдың сезім әлемі үн қатады. Тек ести білу қажет.
«Өлім – ақиқат! Дегенмен адам өлмейді-ау! Белгілі бір кеңістікке өтіп кететініне имандай сенемін. Алайда өзімді Исатайынан айырылған Махамбеттей сезінемін. Мені алапат шайқасқа жападан-жалғыз қалдырып кеттің ғой, ағам-ау?! Жоқ, күйім – зар емес. Сағыныш деп білгейсің, ағам-ау! Сүйеу болған туғаным-ау! Қош бол! Бір көктемде кездесерміз» дей ме, қалай?
Мен сондай күй кештім. Сіздің басыңыздан кешкен күй мүлде бөлек болуы да мүмкін. Манаптың күйі мүлде басқа. Манап Анықбековтің домбырасынан әлі де талай ғаламат дүние туатынына кәміл сенемін. Себебі Манаптың сезу қабілеті ерек. Сезу қабілеті ерекше болуы заңды. Манап та дүниеге ертегі кейіпкері сынды керең боп келген. Ол да күндіз ғайып болып, түнде ғұмыр кешеді. Сосын ешкім естімеген дыбыстар мен үндерді домбырасына салады. Ғаламат күй кешеді.
Айтпақшы, ертегі әлі аяқталған жоқ. Ағайындылардың өмірі немен тәмамдалары беймәлім.
Ерболат ҚУАТБЕК, «QH»