«Әйел – өмір көркі»: Қарағандыдағы мерекелік көрме көрерменді шабытқа бөледі
Облыстық бейнелеу өнері мұражайында 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Әйел – өмір көркі» атты көрме ашылды. Экспозицияда әрқайсысының өзіндік стилі мен қайталанбас қолтаңбасы бар он бес талантты суретші әйелдің туындылары ұсынылған.
Көрмеге келген қонақтар суретшілердің жан дүниесімен, шығармашылық әлемімен шынайы сырласып, нәзіктік пен өмірге деген сүйіспеншілікті өнер тілінде сезіне алады. Әр автордың жұмысы өзіндік үн мен ерекше қолтаңбасы арқылы ерекшеленіп, көрерменге терең ой салатын композициялардан тұрады.
Мерекелік көрменің ашылу салтанатында «Шебер» ҚБ арт-жетекшісі Татьяна Грибанова ұйымдастырған түрлі бұйымдар топтамасы, Қарағанды қаласының киіз шебері Раушан Адақова жасаған «Көктемнің тынысы» атты киізден жасалған киімдер, сондай-ақ басқа шеберлердің табиғат жаңаруы мен көктемнің лебін сездіретін шығармалары көрермен назарына ұсынылды. Бұл жұмыстар ұлттық дәстүр мен заманауи көзқарастың үйлесімін паш етеді.
«Бүгін осы көрмеде мен жаңа бағыттағы туындымды ұсындым. Жұмысымда образ бен ізденіс, тәжірибе тоғысқан. Қазақ қыздарының сұлулығын көрсетуге тырыстым, сондай-ақ 21 ғасырдың тынысын жеткізгім келді. Сол үшін абстракция элементтерін қолдандым, бірақ ұлттық ою-өрнектерді де назардан тыс қалдырмадым», дейді суретші Мария Манеева.
Көрме барысында музейдің «Дружба» клубы ұлттық киім көрсетілімін ұйымдастырды. Топтамаларды Теміртау қаласындағы модельдер мектебінің жоғары жас санатындағы байқау жеңімпаздары мен Оксана Попруга жетекшілік ететін оқушылар көрсетті.
«Әйел – өмір көркі» көрмесі – өнер арқылы әйел болмысының сұлулығы мен тереңдігін дәріптейтін, тағылымды мәдени шара. Қарағандылықтар мен қала қонақтары көрмеден ерекше әсер мен шабыт ала алады. Көрме 14 наурызға дейін жалғасады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


