ӘЙЕЛ БАҚЫТЫ – САНДАР МЕН ШЫНДЫҚ
Қазақстандық әйелдер әлемдік рейтингте жоғары орында, бірақ шынайы өмірде жағдай қандай?
Қазақстан биылғы Global Women’s Health Index зерттеуінде айтарлықтай жақсы нәтиже көрсетті. АҚШ сарапшылары жүргізген жаһандық сауалнамаға сәйкес, еліміз 141 мемлекеттің ішінде 12-орынға тұрақтап, 63 ұпай жинаған. Бұл көрсеткіш бойынша қазақстандық әйелдер тек ТМД елдерінің тұрғындарынан ғана емес, жапон, корей және қытай әйелдерінен де өздерін жақсы әрі бақытты сезінетінін білдірді.
Алайда бұл деректердің артында қандай шындық жатыр? Әйелдердің шынайы өмірі мен статистикадағы бейнеленген жағдайдың арасы қаншалықты сәйкес келеді?
Зерттеу нәтижелері бойынша, қазақстандық әйелдердің:
60%-ы жылына кем дегенде бір рет дәрігерге жүгінеді;
Тек үштен бірі ғана профилактикалық скринингтерден өтеді;
65%-ы түнде көшеде жүруден қорықпайды;
87%-ы өздерін эмоционалды тұрақтымын деп санайды;
Алайда әр жетінші әйел күн сайын күйзеліс пен мазасыздық сезінеді;
Төрттен бірінің қаржылық қиындықтары бар.
Осылайша, жалпы бағалау оң болғанымен, әйелдердің өмір сапасы мен ішкі күйзелісі арасында қарама-қайшылық бар.
«Біз Қазақстанда өте мықты әйелдерміз. Көп нәрсеге төземіз, бәрін өз мойнымызға аламыз – балаларды да, отбасын да. Бір емес, бірнеше жерде жұмыс істейміз. Бірақ соның бәрінен кейін шаршаймыз, кейде өзімізді ұмытып кетеміз», – дейді қала тұрғыны.
Бұл пікірді әлеуметтанушы Татьяна Резвушкина да құптайды.
«Әйелдер өздерін жақсы сезінетіндей кейіп танытады, өйткені олардың басқа таңдауы жоқ. Біз әрі жұмыс істеп, әрі отбасына, балаға, туысқа қамқор болуға тырысамыз. Бұл – табиғи нәрсе сияқты қабылданады, бірақ ол өте ауыр еңбек. Соның салдарынан депрессия, күйзеліс және ажырасудың жоғары деңгейі байқалады», – дейді ол.
Психолог Татьяна Савицкаяның пікірінше, зерттеудегі «жақсы көрсеткіштер» шынайы бейнені толық ашпайды:
«Біздің әйелдер алдын ала тексерілуге аса бейім емес. Симптомдар байқалғанша күтеді. Кейде уақыты болмайды – жұмыс, бала, үй… Сонда да олар шыдап жүре береді. Бұл – қоғамдағы «бәріне төзу керек» деген түсініктің салдары».
Психолог әйелдерге өз-өзіне шынайы болуға, денесін тыңдауға және ең бастысы – демалуға рұқсат беруге кеңес береді.
Зерттеу нәтижелері қазақстандық әйелдердің төзімділігі мен өмірге бейімділігін көрсетеді. Бірақ «мықты болу» мен «бақытты болу» ұғымдарының арасы бірдей емес.
Біздің қоғамда әйелдің рөлі кеңейген сайын, оның иығындағы жауапкершілік те арта түсуде. Жұмыс, отбасы, бала тәрбиесі, туыстарға қамқорлық – бәрі бір адамның мойнында. Сондықтан «бақытты әйел» бейнесі көбіне ішкі күйзеліс пен әлеуметтік қысымның көлеңкесінде қалып қояды.
Қазақстанның жаһандық рейтингтегі жоғары орны – елдегі денсаулық сақтау жүйесі мен әлеуметтік саясаттың ілгерілеуін көрсетеді. Дегенмен сандардың артында төзімді, бірақ шаршаған әйелдің бейнесі тұр.
Нағыз әйел бақыты тек көрсеткіштер мен рейтингтермен өлшенбейді. Ол – өз өмірін сезіне алу, ішкі тыныштық пен қауіпсіздік, қоғамның әйелге деген құрметі арқылы қалыптасады.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

