ҮЙ ЖАҢА – КӘРІЗ ЕСКІ
«Үй жаңа, кәріз жүйесі бұрын қолданыста болған ескі». «Алтын Арқа» тұрғынүй кешені тұрғындары кәріз жүйесінің жұмысына көңілдері толмайтындығын жеткізді. Айтуларынша, құбыр қайта-қайта бітеліп қалады. Олар қала әкімдігі мен мердігер компания жауапкершілікті бір-біріне артып, «ақпараттық футбол» ойнап жүргендігін алға тартты. Биыл, үшінші жыл қатарынан жаңа үйдегі ескі кәріз жүйесінің зардабын тартып келеді. Ержан Тілеуенов 2018 жылы аталмыш тұрғынүй кешенінде қоныс тойын тойлаған. Қуанышы қырық күнге де созылмастан, кәріз жүйесімен алысуды бастап кеткен.
— Құбырды өзіміз тазалап, жөндеуден өткізсек те, бітеліп қала береді. Қала басшылығы мен мердігер компанияға екі жыл қатарынан өтініш жазып келеміз. Еш нәтиже жоқ. Тұрғын үй кешенінде үш үй бар. Бірақ, біздің үй ең шетінде әрі төмен орналасқандықтан, құбыр суы бізге қарай ағады. Естуімше, тағы үш үй салынады. Ортақ кәріз жүйесі болады. Ол кезде тағы қандай мәселе туындайтынын ойлағым да келмейді… Сонымен қатар, құрылыс қоқыстары, құмы, суы да біздің аулаға түсіріледі екен, — деді тұрғын.
«Полимер-С» құрылыс фирмасының мәлімдеуінше, ұйым кешеніндегі тұрғын үйлердің ішкі инженерлік желілерін сыртқы инженерлік желілерге байланыстырған. Ал, сыртқы желілерді Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі орнатқан.
Құрылыс бөлімі сыртқы желілерді басшылыққа алғандығын растады. Олар 2012-2013 жылдары орнатылған. Ал, қызмет көрсетуші компания – «Қарағанды Су» жауакершілігі шектеулі серіктестігі жағдайды басшылыққа алмаған.
— Қазір техникалық құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Содан кейін нысан Қарағанды қаласының мемлекеттік активтер және сатып алу бөліміне жедел басқаруға берілетін болады. Бұдан әрі белгіленген бөлім нысанды «Қарағанды су» жауакершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығына береді. Ол өз кезегінде кәрізді қалпына келтіреді, қажет болса, жөндеуден өткізеді. Аталған жұмыстар шамамен 2-3 айға созылады, бірақ біз процесті тездетуге тырысамыз, — деді қалалық құрылыс бөлімі.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, QH.