Үй кезегін «Отбасы банк» жүргізетін болды
Енді үй кезегіне тұру үшін әкімдікке барудың қажеті жоқ. Бұл міндет «Отбасы банкке» жүктелді. Қаржы институты жанынан тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Олар ортақ база жасақтайды.
Әкімдіктер жүргізетін баспана кезегі заң бойынша «Отбасы банкіне» ауыстырылады. Ал банктің өзі ұлттық даму институтына айналады. Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының ақпараттық базасы да болады. Ол мемлекеттік органдармен интеграцияланады. Соның нәтижесінде әрбір адамға қатысты толыққанды ақпарат жиналады.
– Барлық азамат белгілі бір санаттарға жататынына қарамастан, есепке тұра алады. Әрбір өтінім бойынша отбасының цифрлық портреті жасалады. Онда кірістер, мүлік, активтер туралы ақпарат болады, бұл мұқтаж азаматтың отбасылық жағдайының барлық сипаттамасын толық ескеруге мүмкіндік береді, – дейді банк мамандары.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде баспана кезегінде тұрған 646 мың адамның ішінде 232 мың үміткер талапқа сай емес. Сол себепті баспана кезегінен шығарылатын болады.
Талапқа сай келмейтіндер:
— 96,1 мыңының соңғы 5 жылда тұрғын үйі болған;
— 533 адамның Қазақстан азаматтығы жоқ;
— 91,4 мың азаматтың тіркеу орны (тіркелу) кезекте тұрған өңірімен сәйкес келмейді;
— 29 мың адамның тіркелу орны жоқ;
— 15,6 мыңы – қайтыс болғандар.
Ал енді баспана адамның кезекке тұрған жылына қарай беріледі. Мысалы, біреулер кезекке 2010 жылы тұрса, олардың барлығы үй алып болғаннан кейін ғана 2011 жылы кезекке тұрғандарға пәтер беріледі. Заң жобасына жалдамалы пәтерлерді сату шаралары енгізілді. Оны қабылдаса, үйді жалға алып отырған адамдар оны баланстық бағамен жеке меншікке сатып ала алады. «Отбасы банкі» тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша жұмыс істеуге кірісті. Осыған байланысты әлеуметтік пәтерлер де жаңа әдіспен үлестіріледі.
Мәселен, 2 проценттік ипотека баспана кезегіне тұрған бірнеше санатқа ғана беріледі.
Олар:
— I және II топтағы мүгедектер;
— мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
— жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
— «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, көпбалалы аналар.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде республика бойынша осы төрт санатпен 227 мың адам баспана кезегінде тұр. Баспана кезегінде тұрған басқа азаматтар 5 проценттік кредитке өтініш бере алады. Олар – қандастар, толық емес отбасылар, жасына байланысты зейнетке шыққан азаматтар, кейбiр созылмалы аурудың ауыр түрлерiмен ауыратындар және тағы басқа адамдар. Тұжырымдаманың тағы бір тиімді тұсы – барлық санат бойынша кіріске шектеу жоқ. Ипотеканың ең жоғарғы сомасы да шектелмейді.
Жанбота БЕЙСЕМБАЙ, «QH»