«Қиыршық тас қақпаны: Қарағандыдағы көктайғаққа қарсы күрес неге жүргізушілерді шығынға батырды?»

Қарағандыда қыс келсе болды, жолдарға төгілетін қиыршық тас жыл сайын қайталанатын «дәстүрге» айналған. Биыл бұл әдіс қолданылмайды деп уәде берілгенімен, қала көшелеріндегі жағдай өзгермеді. Қоспамен бірге ұшқан тастар көліктерді жарақаттап, жүргізушілердің қалтасын қағып отыр. Ал кінәлі мердігерлер жазадан құтылып кете беретіні тұрғындардың ашуын туғызуда. Бұл жағдайдың себебі неде? Жауапты органдар неге әрекетсіз?

Күні кеше жауған қардан кейін ауа температурасы күрт төмендеп, көктайғақ пайда болды. Коммуналдық қызметтер қала көшелерін жауып қалмас үшін тез арада тұз аралас қоспа себуге кіріскен. Бірақ бұл жолы қоспамен бірге ірі қиыршық тастар қоса төгілген. Газалиев, Ерубаев, Ғарышкерлер көшелерінен бірнеше минут ішінде ондаған шағым түсіп, жүргізушілер көліктерінің айнасы, капоты, әйнегі зақымданғанын хабарлаған.

Жол бойында бейнежазба түсірген тұрғындар да мәселені ашық көрсетуде: «Жолдың бәрі тастар. Құм деп отыр, ал мұнда кәдімгі 5 сантиметрлік тастар жатыр. Осыларды жолға төгетін бе еді?» – дейді тұрғындардың бірі.

Асқар есімді қала тұрғынының жағдайы да осының дәлелі. Былтыр несиеге алған жаңа көлігін аялап жүрген азаматқа қиыршық тас дәл сол күні бүлдіріп үлгерген.

«Техника жақындап келіп, тастарды жан-жағына шашты. Дәл жанынан өтіп бара жатқанмын. Көліктен тарс еткен дауыс шықты. Бірнеше жерінен сызылған. «Құм қоспасы» деген аты бар, бірақ жолда жатқан тас – көліктерге арналған бомба сияқты», – дейді ол.

Ал мердігер компания өкілдері өздеріне шаң жуытқысы келмейді.

«Біз тек құм мен тұз қоспасын себеміз. Қиыршық тас бізде жоқ. Егер шағымданса, нақты дәлел көрсету керек», – деп түсіндіреді «Тазалық Эксперт» ЖШС өкілі.

Алайда заңгерлер бұл мәселеде тұрғындардың жағдайы әлдеқайда қиындау екенін айтады. Өйткені көлік бүлінгенін дәлелдеу оңай емес – нақты уақытта түсірілген видео, тас тиген сәттің кадры, қай мердігердің қандай техникасы жүргенін көрсету қажет.

«Мердігерлерге шара қолданылмай тұрғандықтан, олар жыл сайын сапасыз қоспаны төге береді. Бұл мәселені әкімдік қатаң бақылауға алуы тиіс», – дейді заңгер Артём Маленко.

Қала тұрғындары мен сарапшылардың ортақ пікірінше, негізгі проблема – мердігерлерге қойылатын бақылаудың әлсіздігі. Егер әкімдік нақты қадағалау жүргізіп, бұзушылықтарды дереу тоқтатып, айыппұл салатын болса, мәселе жыл сайын қайталанбас еді.

Бірақ әзірге жағдай өзгермей тұр. Ал көктайғақтың алдын алу үшін төгілген материал керісінше, қала тұрғындарын шығынға батырып, көлік жөндеуге апарып жатыр. Жүргізушілердің айтуынша, бұл – жай ғана ыңғайсыздық емес, қауіпсіздікке төнген қауіп. Әйнекке немесе радиаторға тиген тастар, жылдамдықпен келе жатқанда апатқа әкеп соғуы әбден мүмкін.

Қарағандыдағы «тас жаңбыры» тоқтамайынша, жолдағы қауіп те, жүргізушілердің шағымы да азаймайтын түрі бар.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»