ІТ саласының мамандары бірікті
Гоголь атындағы кітапхананың 90 жылдығына орай Хакатон басталды. Білім ғибадатханасын модернизациялауға көмектесу үшін облысымыздың түкпір-түкпірінен ІТ саласының мамандары бірікті.
Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы биыл өзінің 90 жылдығын атап өтуде. Осыған орай Хакатон деп аталатын ірі шара ұйымдастырып, еліміздің мықты ІТ-мамандарының басын біріктірді. Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, сондай-ақ Қарағанды облысы ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету орталығының қолдауымен іске асқан шара кітапхананың ішкі базасын модернизациялап, оқырманға ыңғайлы етпек. Бірнеше күнге созылатын Хакатон «Террикон алқабы» ІТ-хабымен бірлесіп жасалып отыр. Жиналған мамандардың басты мақсаты — кітапхананың оқырмандары үшін ыңғайлы болатын онлайн платформа мен бағдарлама ойлап табу. Шараға Қазақстан бойынша жалпы саны 67 команда қатысты.
— Бүгінгі шараның басты мақсаты — кітапхана оқырмандары үшін ыңғайлы бағдарлама мен онлайн платформаны ойлап табу. Оның ішінде әр түрлі функциялар мен бөлімдер болмақ. Бағдарлама арқылы оқырман өз кітабының мерзімін ұзарта алады, тіпті qr арқылы кітапхананың ішінде барлығын лезде табатын навигаторы болмақ, -дейді Хакатон ұйымдастырушысы, «Террикон алқабы» IT-hub бизнес бөлімінің басшысы Диана Салехова.
Бөлім басшысының айтуынша, бұл бағдарлама бірінші кезекте қарапайым оқырман үшін және кітапханаға ыңғайлы болуы тиіс. Басты критерийлер осылар. Ал қалғанын төрелік ететін қазылар алқасы өздері шешпек.
— Біз барлығымыз бір программалық тілмен бағдарламаны дайындаймыз. Тек сырт келбеті мен дизайны басқа болуы мүмкін. Бұл жерде бастысы әр адамның өз фантазиясы мен ойлау қабілетіне байланысты. Қатысушылардың барлығы бір-бірімен араласа алады. Бірақ біреудің бағдарламасы мен жасаған дүниесін біз басқаларға айта алмаймыз, -дейді Диана Салехова.
HackTheBookShelf хакатонының финалына 30 команда шықты. Кейстердің әрқайсысында қазылар алқасы ақшалай сертификаттар алған ең жақсы екі қатысушыны таңдады. Гран-при Семейден келген үш әзірлеушіден құралған командаға бұйырды. Олар онлайн платформа мен қосымша әзірледі. Гран-приді тапсыру 18 қыркүйекте Достық үйінде өтеді. Болашақта Семейден келген команда өз өнімдерін пысықтап, оларды кітапхана жұмысына енгізетін болады.
Гоголь кітапханасы өзінің сүйікті оқырманы үшін алда неше түрлі қызықты, әрі танымдық іс-шаралар жоспарлауда. Солардың бірі 18 мен 19 қыркүйек күні болмақ. Қаламыздың ірі кітапханасы өзінің 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шараға барша қала тұрғындары мен қонақтарын шақырады.
ЖҰПАР ТОНТАЙТЕГІ, «QH»