ӨҢІРДІҢ ӨРКЕНДІ ІСТЕРІ
Қарағанды облыстық мәслихатының кезекті XV сессиясы өтіп, өңір бюджетінің атқарылуы талқыланды. Межелі міндеттер айқындалып, тексеру комиссиясының жұмысы қорытындыланды. Білім беру саласының қазіргі жағдайы мен дамуы айтылды.
Аталған мәслихаттың кезекті XV сессиясында 13 мәселе қаралды. Оның қатарында облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есептер және өңірді дамытудың 2023 жылға арналған жоспары да бар. Тексеру комиссиясының төрайымы Дана Мұхамеджанова жүргізілген мемлекеттік аудит негізінде олардың орындалуына баға берді.
Депутаттар Қарағанды, Балқаш, Саран, Приозерск, Шахтинск қалалары мен Абай, Қарқаралы, Нұра, Осакаровка және Шет аудандарындағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы мен ағымдағы жөндеу жұмыстарына қосымша қаржы игеруді қолдады. Аграрлық секторды субсидиялауға, Нұра ауданының жекелеген ауылдарында интернетке қол жеткізуге және т.б. қосымша шығындар қарастырылған. Сондай-ақ сессия шешімімен 2024 жылға арналған облыстық бюджеттің шығыстары нақтыланды.
– Өңір бюджетінің кірісі 100 пайыз, шығыс 98 пайыз жүзеге асқан. Әлеуметтік салаға, экономиканың нақты секторына, қауіпсіздік саласына тиісті қаражат көзделген. Осы бағытта игерілуі мен тиімділігі ескерілген, – деді Қарағанды облысы Қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина.
Есептер депутаттық корпустың осыған дейін айтылған ұсыныстары арқылы қабылданды. Салық жөнінде айтылған тағы бір мәселе мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне қатысты болды. Білім ошақтарындағы сапаны жақсарту және апатты мектептерді жою, балабақша, жатақхана ғимараттарын салу жайы айтылды.
Ауылдық жерлерге білікті кадрлар даярлау сапасын арттыру және басқа да көптеген мәселе қамтылды. Білім сапасы, мектептер жанындағы оқу-өндірістік комбинаттардың жұмысын жетілдіру қажеттігі де сөз болды.
– Білім басқармасында депутаттардың бастамасымен медицина мамандықтарына алғаш рет 700 орын беру қарастырылды. Облыс әкімінің тапсырмасына орай техникалық және кәсіптік білім беру санатындағы түлектерді нақты мамандықтары аясында жұмысқа орналастыру мәселесіне басымдық берілуде, – деп атап өтті Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Сессия барысында облыс әкімі жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамы келісіліп, тізімге облыстық мәслихат депутаттары да енді.
– Депутаттар балалар лагері, мектеп және т.б. білім ошақтарындағы сапаны бақылады. Облыс әкімдігінің қолдауымен білім саласына бөлінген қаражатпен базаны 77 пайыз жетілдіру үшін ауқымды жұмыс жасалған. Дегенмен депутаттық корпуспен барған кезде Қарағандының өзінде 79 мектеп жөндеуді қажет ететіні белгілі болды. «Дарын», «Білім-инновация» секілді мектеп-интернаттарда олимпиада өткізетін орын жоқ. Осы мәселелерді шешуге қолдау көрсету маңызды, – деп топшылады әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Қадиша Оспанова.
Сессияны қорытындылаған Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нүркен Көбжанов әрбір айтылған ұсынысты жіті жүзеге асыру маңыздылығына тоқталды.
– Біз бүгін айтылған әрбір ұсыныс пен мәселені комиссия отырыстарында толық талқыладық. Әрбір сұраққа жиын барысында жауап алдық. Ендігі кезекте қабылданар шешімдердің уақытылы орындалуы маңызды.
Қарағанды облыстық мәслихатының сессиясы ауқымды сұрақтардың шешім табуына түрткі болды. Мысалы, Қарағанды қаласында, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында апатты мектептер санын азайту жұмыстары жалғасады.
Саран қаласының 1а шағынауданында 300 орындық қазақ мектебін, Приозерск қаласында 320 орындық жаңа балабақша салу да қолға алынбақ. Осакаровка, Нұра секілді бірнеше ауданда балабақша, мектептер жөнделеді.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»