Өңірде жаңа спорт және білім инфрақұрылымы қарқын ала бастады
Қарағанды облысында бұқаралық және кәсіби спортты жаңа деңгейге көтеретін ауқымды спорт кластерінің құрылысы басталды. 72 гектар аумақты қамтитын жобада балалар мен жасөспірімдерге арналған орталықтардан бастап, жоғары деңгейдегі спорттық инфрақұрылымға дейін қарастырылған. Кластердің басты нысаны – UEFA-ның 4-санатына сай келетін футбол стадионы.
Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, жоба жүзеге асырыла бастаған алғашқы қадам – Футбол академиясының құрылысы. Академия Freedom Holding Corp компаниясымен бірлесіп жүзеге асуда. Жобаға 12 миллиард теңге бөлінген.
Өңірдегі спорт нысандары көбейіп келеді
Қарағанды облысында спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі бүгінгі таңда 67,2 пайызды құрайды. Қазір өңірде сегіз дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Сонымен бірге Қарқаралы қаласында стадион, Саран қаласында жаңа спорт кешені, ал Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында бассейн құрылысы жүріп жатыр.
Аймақта қосымша білім берудің бірыңғай мемлекеттік тапсырысы енгізілген пилоттық жоба да оң нәтиже беруде. Ваучерлік қаржыландыру бағдарламасы арқылы 14 мыңға жуық бала спорт және шығармашылық үйірмелерге қатысу мүмкіндігіне ие болған.
Білім нысандарының құрылысы мен жаңғыруы жалғасуда
Биыл өңірде мемлекеттік тапсырыс есебінен бес жаңа жекеменшік балабақша ашылып, 525 орын құрылды. Қолданыстағы балабақшаларда қосымша 522 орын іске қосылып, 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 89,6 пайыздан асып отыр.
Жыл соңына дейін үш мектепке дейінгі ұйым ашу және тағы 951 жаңа орын қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде алты мектептің құрылысы аяқталды, оның бесеуі – «Келешек мектептері» жобасы аясында. Сонымен қатар, облыс бойынша бес мектептің құрылысы жалғасып жатыр.
Аймақтағы білім беру нысандарын жаңарту жұмыстары да қарқынды. Биыл 265 нысан жөндеуден өтіп, 33 мектеп, балабақша және арнайы ұйымдарға күрделі жөндеу жүргізілді. Ауылдық жерлердегі 35 мектепте ауқымды жаңғырту жалғасуда.
Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында 78 заманауи оқу кабинеті сатып алынды. Бұл жалпы қамтылуды 85 пайызға жеткізуге мүмкіндік берген.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

