Өңір медицинасындағы серпіліс
Қарағанды облысында жоғары технологиялы медицинаның жаңа кезеңі басталды. Өңірде есту қабілеті ауыр дәрежеде бұзылған балаға алғаш рет кохлеарлық имплантация жасалып, операция сәтті өтті. Бұған дейін мұндай күрделі хирургиялық көмектер тек елорда мен Алматы қалаларындағы республикалық деңгейдегі медициналық орталықтарда ғана көрсетіліп келген еді.
Жоғары технологиялы ота шеберлік сабағы форматында ұйымдастырылып, облыстық көпбейінді балалар клиникалық ауруханасының базасында өткізілді. Хирургиялық араласу барысында жергілікті дәрігерлер Астанадан арнайы шақырылған жетекші мамандардың тікелей бақылауымен жұмыс істеді. Бұл өз кезегінде өңірлік медицина мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Аурухана директоры Арғын Бидайбаевтың айтуынша, соңғы жылдары Қарағанды облысында күрделі медициналық қызметтерді жергілікті жерде көрсетуге қажетті барлық жағдай жасалған. Заманауи құрал-жабдықтармен қамту, халықаралық деңгейде оқытылған кадрлар және медициналық инфрақұрылымның кезең-кезеңімен жаңартылуы осындай жоғары технологиялы оталарды жүзеге асыруға жол ашып отыр.
– ЛОР-бөлімшенің меңгерушісі мен сурдолог-дәрігер Ресейдің Санкт-Петербург және Мәскеу қалаларындағы жетекші клиникаларда арнайы даярлықтан өтті. Сонымен қатар Израильдің Хайфа қаласында тәжірибеден өтіп, кохлеарлық имплантация бойынша практикалық дағдыларын жетілдірді. Ота жүргізу үшін аурухана арнайы имплантат орнатуға арналған құрылғы мен жоғары дәлдіктегі хирургиялық микроскоппен жабдықталды. Бұл құралдар операция барысында ішкі құлақ құрылымдарын анық көруге және қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді аурухана директоры Арғын Бидайбаев.
Кохлеарлық имплантация – дәстүрлі есту аппараттары көмектеспейтін, ауыр дәрежедегі есту қабілеті бұзылған балаларға арналған тиімді әдістердің бірі. Ол туа біткен немесе жүре пайда болған толық саңыраулық кезінде қолданылады. Операция барысында имплантат ішкі құлаққа орналастырылып, арнайы электродтар арқылы есту жүйкесін тікелей ынталандырады. Ал сыртқы дыбыстық процессор құлақтың арт жағына бекітіліп, қоршаған ортадағы дыбыстарды қабылдауға мүмкіндік береді.
Ота жасалған науқастың жасы 16-да. ЛОР-бөлімшенің меңгерушісі Есімхан Нұржановтың айтуынша, хирургиялық араласу асқынусыз өткен.
– Алғашқы қалпына келу кезеңі шамамен он күнге созылады. Ал есту мен сөйлеу дағдыларына бейімделу бір айға жуық уақытты алады. Осы кезеңнен кейін бала қоршаған орта дыбыстарын қабылдап, құрдастарымен еркін қарым-қатынас жасап, жалпы білім беретін мектепте оқуын жалғастыра алады, – деді ол.
Мамандардың мәліметінше, кохлеарлық имплантацияның тиімділігі өте жоғары. Отадан кейін бала сурдолог пен логопедтің тұрақты бақылауында болады. Имплантат науқастың жасына, есту ерекшеліктеріне және күнделікті қажеттіліктеріне қарай жүйелі түрде бапталып отырады.
Айта кетейік, 2026 жылға дейін Қарағанды облысында осындай тағы он жоғары технологиялы кохлеарлық имплантация жасау жоспарланған. Бұл өңірде есту қабілеті бұзылған балаларды оңалту жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек.
Алғашқы кохлеарлық имплантация облыстық балалар оториноларингология қызметінің негізін қалаушылардың бірі, білікті дәрігер Армия Біләловты еске алу күніне орай өткізілді. Дәл осы маманның бастамасымен 1975 жылы облыстық балалар ауруханасында ЛОР-бөлімше ашылып, аталған бағыттың жүйелі дамуына негіз қаланған. Жақын арада аурухана ғимаратында оның құрметіне арналған мемориалдық стенд ашу жоспарланып отыр.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

