Өңір дамуының басты бағыттары
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында өткен жылдың нәтижелерін саралап, өңір тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелерге тоқталды. Аймақ басшысы экономиканы қолдау мақсатында салық жүктемесін 2 пайызға дейін азайту жоспарланып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы түйткілдерді шешу, инженерлік желілерді жаңғырту және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарға басымдық берілетінін жеткізді. Сұхбат барысында көлік-логистика саласына қатысты маңызды жаңалықтар да айтылды. Атап айтқанда, алдағы уақытта Қарағанды мен Үрімші қалалары арасында тікелей әуе рейсін іске қосу көзделіп отыр. Бұған қоса, Сарыарқа әуежайына теміржол желісін тарту үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жоспарланып отырғаны мәлім болды. Өңір басшысының айтуынша, бұл бастамалар Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.
Өңірде тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, инфрақұрылым қарқынды дамуда. Қарағандыда Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдық арасындағы аумақты дамытуға мүмкіндік беретін үшінші жылу құбыры пайдалануға берілді. Қарқаралыда ауыз су мәселесі шешілсе, Балқашта жағалау аймағы жаңартылды, ал Приозерск қаласында жаңа дене шынықтыру және сауықтыру кешені ашылды.
– Біз экономиканың өсуіне, инфрақұрылымның дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай жасап жатырмыз. Аймақта ірі жобалар жүзеге асырылып, әркімге жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Өңір көлік әлеуетін нығайтуда: Сарыарқа әуежайында аэрохаб іске қосылды, жазда Түркияға тікелей рейстер басталды, көктемде Қарағанды-Үрімші бағыты ашылады, ал әуежайға теміржол желісінің қосылуы қаланы ірі мультимодальды логистикалық орталыққа айналдырады, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағандыда маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Үшінші жылу магистралы миллиондаған шаршы метр тұрғын үй мен жаңа шағын аудандар салуға мүмкіндік беретін стратегиялық нысанға айналды. Инфрақұрылым шалғай елді мекендерге де жеткізілуде. Су құбыры Торанғалық және Шұбартүбек ауылдарына тартылып, жаңа демалыс және кәсіпкерлік аймақтары үшін жағдай жасады. Газдандыру жұмыстары да жалғасып, төртінші кешен іске қосылғаннан кейін көгілдір отын Осевая көшесіне беріледі. Өңір экономикасына инвестициялар тартылып, Үрімшіде Қарағанды облысының өкілдігі ашылды. Қазірдің өзінде жаңа жобалар әзірленіп, іске қосылуда. Мысалы Sinotruk компаниясының Саран қаласындағы филиалы және өңірдегі жаңа шағын өнеркәсіптік аймақтар жұмыс істей бастады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

