Өңір абыройын асқақтатып жүрген оқу ордасы
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті – жастарға сапалы білім берумен қатар, олардың жан-жақты дамуына бағытталған әлеуметтік-тәрбие жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан іргелі оқу орындарының бірі. Бүгінде университет қабырғасында құқықбұзушылықтың алдын алу, академиялық адалдықты нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту негізгі басым бағыттардың қатарында. Университеттегі тәрбие жұмысы тек кәсіби білім берумен шектелмей, студенттердің азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, рухани құндылықтарын нығайтуға және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Осы мақсатта студенттік өзін-өзі басқару жүйесі дамытылып, волонтерлік, дебаттық және шығармашылық қозғалыстарға кеңінен қолдау көрсетілуде.
Оқу орнында жастар арасында «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыруға ерекше мән беріледі. Бұл бағытта құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Университеттің әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректоры Абай Қалықовтың айтуынша, студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды міндеттердің бірі. Осыған орай құқық қорғау органдары мен уәкілетті мемлекеттік мекемелердің өкілдерімен жүйелі кездесулер ұйымдастырылып, жастарға заң талаптары мен жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндіріледі.
Қазіргі таңда қаржылық сауаттылықты арттыру да өзекті мәселеге айналып отыр. Университетте бұл бағытта арнайы мамандардың қатысуымен кездесулер өткізіліп, студенттер қаржылық пирамидалар мен алаяқтық әрекеттерді ажырату, киберқауіпсіздік талаптарын сақтау және жеке қаржысын тиімді басқару жолдарын меңгереді. Сонымен қатар, олар FinIQ республикалық диктанты арқылы өз білімдерін шыңдауға мүмкіндік алады.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру мен зиянды әдеттердің алдын алу да назардан тыс қалған емес. Құқық қорғау органдары мен медицина саласының мамандарының қатысуымен өтетін профилактикалық кездесулерде психоактивті заттардың зияны жан-жақты түсіндіріліп, жастардың денсаулығына жауапкершілікпен қарау қажеттігі айтылып келеді. Сонымен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жастарды радикалды идеологиялардың ықпалынан қорғау бағытында да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Дінтанушылар мен теологтардың қатысуымен ұйымдастырылатын кездесулер студенттердің сыни ойлау қабілетін дамытып, толерантты көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. 2024–2025 оқу жылында бұл бағытта 84 шара өткізіліп, 7 600-ден астам адам қамтылды.
Студенттердің шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында университетте түрлі бағыттағы 9 үйірме тұрақты жұмыс істейді. Олардың қатарында «Тенор» вокал клубы, «Гакку» би ансамблі, «SJ dance» тобы, «Ділмәр» шешендік клубы, «Сарыарқа сазы» домбыра үйірмесі, «Самұрық» дебат клубы, «Жайдарман» әзіл-сықақ ұжымы, «Digital» медиа клубы және «OQYLYQ» оқырмандар клубы бар. Бұл ұйымдар студенттердің шығармашылық қабілеттерін шыңдап қана қоймай, олардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға да зор мүмкіндік береді.
Спорт саласында да университет жастары жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Атап айтқанда, «Saginov Jastary» командасы University League футзал чемпионатында І-орынды иеленіп, оқу орнының абыройын асқақтатты. Сонымен қатар, пауэрлифтинг, акробатика, греплинг және гір спорты бойынша әлем чемпиондарының шығуы – университеттегі спорттық дайындықтың жоғары деңгейін көрсетеді.
Тәрбие жұмысының маңызды бөлігі – «Толық адам» білім беру курсы. Бұл бағдарлама студенттерге университетке қабылданған сәттен бастап үздіксіз жүргізіліп келеді. Курс аясында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, экология, денсаулық сақтау, тарихи-мәдени мұра және құқықтық сауаттылық мәселелері қамтылады. 2024-2025 оқу жылында 396 академиялық топқа 344 куратор бекітіліп, студенттерге жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Университетте әлеуметтік-психологиялық қызмет те тиімді жұмыс атқаруда. Мамандар бірінші курс студенттерінің жаңа ортаға бейімделуіне көмектесіп, жеке және топтық кеңестер өткізеді. Сонымен қатар буллингтің алдын алу, қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында арнайы тренингтер ұйымдастырылады. 2025 жылдың төртінші тоқсанында 3 мыңнан астам адамға психологиялық көмек көрсетілген.
Студенттік өмірде волонтерлік қозғалыстың да маңызы зор. 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жас Орда» жастар қауымдастығы жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруда үлкен рөл атқарып келеді. Оның құрамындағы «Aqniet» қайырымдылық ұйымы әлеуметтік осал топтарға тұрақты түрде көмек көрсетуде. Соңғы бес жыл ішінде 3 мыңнан астам адамның қатысуымен 11 ірі қайырымдылық жоба жүзеге асырылып, донорлық акцияларға 800-ге жуық адам атсалысқан.
Жалпы алғанда, университет қабырғасында жүргізіліп жатқан жүйелі тәрбие жұмыстары студенттердің жан-жақты дамуына, олардың қоғамдағы белсенді әрі жауапты азамат болып қалыптасуына берік негіз қалайды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

