IQanat – ауыл балалары үшін жақсы мүмкіндік
Алматы қаласында өткен IQanat республикалық олимпиадасының финалында Қарағанды облысының жеті оқушысы үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды. Олардың бесеуі IQanat High School of Burabay мектебінде білім алуға толық грант иеленсе, тағы екеуі арнайы қамқоршылық грантқа қол жеткізді.
Финалдық кезеңге облыстың атынан жалпы саны 30 ауыл оқушысы қатысып, алғашқы кезеңде 50 мың үміткердің арасынан суырылып шыққан мыңдаған финалистпен бақ сынасты. Үш кезеңдік іріктеу қорытындысында Қарағандыдан барған жастар жоғары нәтиже көрсетті.
Нақтылай айтсақ, оқу грантына ие болғандар: Шет ауданынан Әмина Төлеутаева мен Бекасыл Талғат, Нұра ауданынан Дәулет Әмірхан, Абай ауданынан Арсений Тюню, Бұқар жырау ауданынан Асылан Бәшір. Ал қамқоршылық грант Мейрамгүл Байболатқызына (Шет ауданы) және Ғазиз Саментайға (Қарқаралы ауданы) табысталды.
— Грант жеңіп алғанымды алғашында түсіне алмадым. Көп еңбектендім, жеңгеніме өте қуаныштымын. Енді одан да биік мақсаттарға ұмтыламын, — дейді жеңімпаздардың бірі Дәулет Әмірхан.
Бұдан бөлек, тағы жеті оқушы IQ Advanced бағдарламасына қатысуға сертификат алып, өз мектептерінде оқуды жалғастырады және IQanat мектебінің арнайы оқу сессияларына қатысады. Қалған финалистер үшін үш жылдық IQ-IP жобасы қарастырылған. Бұл бағдарлама аясында оқушылар кәсіби бағыт алуға, IT мен тілдік дағдыларды меңгеруге және Бурабайда өтетін оқыту сессияларына қатысуға мүмкіндік алады.
IQanat қорының Қарағанды облысы бойынша үйлестірушісі Айман Мақажанованың айтуынша, жоба ауыл жастары үшін үлкен болашаққа жол ашады.
— Бұл мектеп ауыл балаларының мүмкіндігін кеңейтіп, олардың әлеуетін толық ашуға жағдай жасайды. Алты жыл ішінде облыстан 28 оқушы IQanat High School мектебіне оқуға түсті. Біздің түлектер еліміздегі және шетелдегі үздік университеттерде білім алуда, — дейді ол.
IQanat High School of Burabay — бұл оқушыларды ұлттық және халықаралық емтихандарға дайындайтын, олардың шығармашылық қабілеті мен денсаулығын қолдауға арналған жеке мектеп-пансионат. Мектеп моделі жас ұрпақты рухани бай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген азамат етіп тәрбиелеуге бағытталған.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»