ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТЫҢ МЫНА 9 ТҮРІНЕН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Қарағанды қаласында интернет алаяқтығына қатысты күніне 7-12 оқиға тіркеледі. Тәртіп сақшыларының айтуынша интернет алаяқтарының тоғыз түрі бар.
Ғаламтор – ғажап әлем. Саусақпен ғана тетік басу арқылы талай әлемге саяхат шегіп, талай ақпаратпен қанығасың. Бірақ, алаяқтан айла қалсын ба? Олар енді осы интернетке икемделіп, желі арқылы жеңіл пайда табуға дәніккен. Алаяқтың арам ойынан сан соғып қалғандар тәуліктеп емес, сағаттап көбеюде. Әккі қулар сіздің жеке бас дерегіңізді пайдаланып, табыс тауып, таза атыңызды ластап кетсе қайтпек керек? Бұл орайда, көп жағдайда құқық қорғаушылардың да қолы байлаулы. Себебі, алаяқтар артынан із қалдырмауға барынша машықтанған.
Қулығына құрық бойлатпайтын алаяқтар санының артуына тәртіп сақшылары да алаңдаулы. Сондықтан да қамсыз жүрер қарапайым жұртқа желіде жымысқы тірлік ететіндерден сақтану жолын айтқан алқалы отырыс өтті. Өңірлік коммуникациялар қызмет алаңындағы жиынға Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбілдин Әбіл, Қарағанды қалалық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Салин Шахназар және Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Құдияров Бақытжан қатысты.
Департамент өкілдерінің ақпарынша жыл басынан бері облыста 516 қылмыс оқиғасы тіркелген. Жедел тергеу шаралары барысында алаяқтықпен тұрақты айналысатын 4 топ анықталып,17 қылмыскер қамауға алынған. Қазіргі таңда оларға қатысты 250 қылмыс дәлелденуде. Сандық көрсеткіш көңіл көншітпей отыр. Бұл орайда азаматтарға аса сақтық қажет,- дейді департамент басшысының орынбасары.
Санаңызды улап, ақшаңызды сыпырып кетер сумақайлардан сақтану жолы сан алуан. Ол туралы БАҚ роликтер көрсетіп, қаладағы ірі деген сауда үйлерінде ескертпе парақшалар да таратылуда. Дегенмен алаяқтар арбауына түсушілер саны азаймай отыр. Қулардың қолданар жымысқы тәсілдері де бірнеше түрлі. Баспасөз қызметінің хатшысы Бақытжан Құдияров соның жиі кездесер бірнеше түріне тоқталды:
1. Банк карталары және депозиттегі ақшасына қол салу үшін азаматтардың жеке деректерін иемденудің кең тараған тәсілі – банк қызметкері ретінде қоңырау шалу. Ол клиенттің картасына қатысты күдікті операциялар жүргізіліп жатқандығын айтып, састырып, одан деректік цифрларды сұрап алады.
2. Интернет-дүкен алаяғы. Ол үшін алаяқтар онлайн дүкендерді пайдаланады. Қылмыс Себебі бүгінде көпшілігіміз үйде отырып-ақ өзімізге керекті заттарға тапсырыс беруді әдетке айналдырғанбыз. Олар алдын ала төлем жасауды сұрайды. Ал ақшаңызды алып алғаннан соң зым-зия жоғалады. Сондай- ақ бастапқыда берілген мекенжайды анықтау мүмкін болмай қалады.
4. Интернет-қайыршылық. Мұнда қайырымдылық ұйымдары, құрылыс жұмыстарына ақша жинау секілді әдістер қолданады. Компания болып құрылдық деп жұмыс істеп тұрады. Салымшылардың сеніміне кіріп, ақшаны жымқырғаннан соң жабылып қалады. Кейіннен жаңадан және жаңа атаумен ашылып қайтадан алаяқтық әрекеттерін жалғастырулары мүмкін.
5. Интернеттегі күтпеген ұтыс. Сізге тосын сый түскенін айтып, алдымен қуантып алады. Сол эмоциялық сәтті ұтымды пайдаланады. Ұялы телефонға смс хабарлама немесе поштаңызға жүлде ұтысы туралы ақпар келеді. Оны алу үшін сол қомақты ақшаның он пайыздық салық ақшасын аударуыңызды сұрайды.
6. Интернеттегі қаржы пирамидалары. Табысты ұлғайту үшін ақша салуды ұсынады. Осылайша ақшаңызды қалталарына оңай басып отырады.
7. Танысу сайттарындағы алаяқтық. Бұл әдіс әлеуметтік желіде хабарландыру бойынша әдеттегі танысудан басталады. Махаббатқа масайтып, 2-3 ай ішінде сенімге ие болып, өзінің қаржылық мәселелерін шешуге ақша сұрайды. Бірақ ақшаны алғаннан соң жоғалады.
8. Интернет-несиелеу алаяқтығы. Санаулы минуттарда үйде отырып-ақ несие рәсімдеуге қолқалайды. Интернет сайттар өтінім қалдыруды, сауалнама толтыруды ұсынады. Осыдан кейін қаржылық құйтұрқы әрекетін cіздің атыңыздан жүзеге асырады.
9. Сән салондарында көрсетілер қызмет арқылы несие рәсімдеуге жеткізу. Осы айтылған алаяқтық амалдарының біріне алданған Айнұр Амантаева «Cән салонына жарнамамен баруым мұң болды», — деп өз басынан өткен оқиғасымен бөлісті.
— Сіздің телефон нөміріңізді танысыңыз берді деп қаладағы танымал сән салондарының бірінен қоңырау шалып, бет күтіміне қатысты қымбат процедура жеңілдетілген бағамен жасалады, акция жұріп жатыр деді. Бардым, олар бірден бет күтімін жасауға кірісті. Сосын бет тазарту кешенді жақпа майлары, дәрумендер, гауһар тасты тазарту, сазды жақпа, уқалау арқылы бет әжімдерін кетіру, тырнақ күтімін жасады. Осыдан кейін осындай бастан аяқ күтімді бізден тұрақты түрде алып тұрғыңыз келсе, айына алты мың теңге өзіңізге қиыңыз деді. Мен осынша сәндік күтім үшін алты мың теңге көп емес деген ой- мен келістім. Осыдан кейін олар бірден келісімге қол қойғызды. Артынша смс арқылы ұққаным, менің қол қойған құжатым банкпен жасалған несие алу рәсімі екен. Мен 300 мың теңгелік процедураны несиеге сатып алған болып шықтым. Мұны түсінген бетте салон басшысына мұндай келісім заңсыз екенін, мені арбағандарын айтып, ашу шақырдым. Бірақ олар бұрышта тұрған камераны нұсқап, сізді ешкім мәжбүрлеп қинамады, өз аяғыңызбен келіп, өз еркіңізбен құжат рәсімдедіңіз. Қайда барсаңыз, онда барыңыз, бізде дәлел осы деді. Менің түсінгенім
– cалон банк менеджерімен сыбайлас, — дейді Айнұр.
Бұл алаяқтарға құрбан болған бір ғана зардап шегушінің оқиғасы. Ал үстіміздегі жылдың тек қаңтар айында алаяқтар қазақстандықтардың 1,8 миллиард теңгесін жымқырған. Тәртіп сақшыларының айтуынша алаяқтардан көп тәркіленетін айғақ заттар ұялы телефондар, SIM-карталар, банк карталары және түрлі кейіп таныту үшін ауыстырып киетін киімдер. Аңғал жұртқа опық жегізер алаяқтар кесірінен банктер де зардап шегуде. Сондықтан да 3 наурызда қазақстандық 11 банк өз тұтынушыларына ортақ үндеу жолдады. Сақтық жолдарын түсіндірді.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QN»