Инклюзияға бағытталған жаңа арт-кафе өз жұмысын бастады
«Бізбен бірге бол» интеграциялық орталығының жанынан ашылған жаңа арт-кафе келушілерді қабылдай бастады. Әлеуметтік кәсіпкерлікке негізделген бұл жоба мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Кафенің қызметімен қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ облыстық және қалалық мәслихат депутаттары танысты. Қонақтарға арнайы экскурсия ұйымдастырылып, олардың назарына жергілікті өнімдер ұсынылды.
Интеграциялық орталық маусым айында жұмысын бастаған. Мұнда 16 жастан асқан жастар табыс табудың алғашқы қадамдарын меңдеп, бос уақытты тиімді ұйымдастыруды үйреніп жүр. Орталық олар үшін кәсіп үйренетін, сондай-ақ психологиялық және құқықтық қолдау алатын қолайлы ортаға айналған. Бұл жерде жастарға қоғамда өз орнын табуға және пайдалы іспен айналысуға қолдау көрсетіледі. Жүйенің негізгі бөлігі – арт-кафе. Мұнда қызметкерлер бариста мен даяшы шеберліктерін жетілдіріп, сонымен қатар қаржылық сауаттылықтарын арттырады.
– Мен №6 мектеп-интернатындағы қамқоршылық кеңесінің төрайымы ретінде 9 жыл бойы даму ерекшелігі бар балалардың өсіп жетілгенін, алайда олардың көбінің үйде қалып қоятынын көріп келемін. Бұл – олардың әлеуметке бейімделуі үшін жеткіліксіз кезең. Сондықтан ата-аналар қауымдастығымен бірге тәрбиеленушілерімізді еңбек нарығына тартуға мүмкіндік беретін осындай орталықты ашуға шешім қабылдадық, – деді «Бізбен бірге бол» интеграциялық орталықтың жетекшісі Әсел Бекбаева.
Орталықтың жұмысы аспаздық, тігін, спорт және шығармашылық бағыттарын қамтитын төрт негізгі сала бойынша ұйымдастырылған. Осы команданың құрамында еңбек бойынша нұсқаушы қызметін атқаратын Найман Жақсығорин бар. Интеграция кезеңінен өткен ол енді басқа жастарға білім алуға, кәсіби дағдылар қалыптастыруға және әлеуметтік бейімделу үрдісінен өтуге қолдау көрсетеді.
– Маған арнайы жабдықталған жұмыс орны қарастырылды. Арбамен еркін кіріп-шығуға арналған үстелдер өте ыңғайлы. Барлық жерде пандустар орнатылған, есіктер кеңейтілген. Сонымен қатар мен компьютерлік сауаттылық бойынша нұсқаушы болып қызмет атқарамын. Орталық басшылығы тарапынан ешқандай кедергі жоқ – кез келген идеяны ұсынуға, оны дамытуға толық мүмкіндік берілген, – дейді еңбек жөніндегі нұсқаушы Найман Жақсығорин.
Найман Жақсығорин орталықтағы басқа қызмет алушылармен бірге түрлі дамытушы ойындарды да жүргізеді. Еңбек нұсқаушысы ретінде ол спорт бағытындағы жаттығуларға да ерекше көңіл бөледі.
– Біз қысқа уақыт ішінде өзімізге мықты команда құрып үлгердік. Қала бойынша корнхолл чемпионаты жарияланған соң, тәрбиеленушілермен бірге жаттығу алаңын дайындап, бірден дайындыққа кірістік. Нәтижесінде орталығымыз жүлделі үшінші орынға ие болды. Қатысушылар грамотамен марапатталып, алғаш рет 12 команданың ішінде үздік үштікке енді. Бұл – біз үшін зор жетістік. Өзім парапауэрлифтингпен айналысамын. Корнхоллдан алған қола медаль біз үшін алтынға бергісіз құрмет деп білеміз, – деп атап өтті Найман Жақсығорин.
Орталыққа қабылданатын қатысушылар арнайы комиссияның іріктеуінен өтеді. Барлық қызметтер ақысыз көрсетіледі. Пилоттық жоба қалалық бюджеттің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Қонақтарға өндірістік аймақтар, түрлі шеберхана, асүй және дайын өнімдер таныстырылды. Қоғам белсенділері мен депутаттар бұл жобаның басты нәтижесі сандармен емес, өмір сүру көзқарасы өзгеріп, жаңа мүмкіндіктерге ие болған адамдардың тағдырларымен өлшенетінін атап өтті.
– Сезімдеріміз қуанышқа және эмоцияларға толы болды. Әсіресе балалардың өздері тағам дайындап, қызмет көрсететін кафе ерекше сәнді безендірілген екен. Олардың қуанышты жүздерін көргенде жүрегім жылыды. Бүгін бізге осындай ерекше сәт сыйланды. Мұндай жоба бар екеніне шын мәнінде қуаныштымын, өйткені мұнда жасалатын мүмкіндіктер көп, – дейді «Amanat»партиясы ҚОФ әйелдер қанатының жетекшісі ЗараШалабаева.
«Бізбен бірге бол» интеграциялық орталығы инклюзияға заманауи көзқарас қалыптастырады. Тараптар басты назар практикалық жұмысқа және нақты нәтижеге аударылады деп атап өтті. Ал арт-кафе – осы бағыттың айқын көрінісі.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»

