Індеттен құтылудың жалғыз жолы — вакцинациялау
Ақпан айынан бастап Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарға вакцина егу жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстанда вакцинация ерікті түрде салынады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның келісімімен ғана жүргізіледі.
Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз болып табылады. Вакцинация препараттың келіп түсуіне байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
Бұл ретте, бірінші кезекте вакцина алуға коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал топтары жатады. Одан әрі иммундауға жататын халықтың осал топтары қамтылады.
Бірінші кезеңде жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет мамандары егіледі.
Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарын, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет мамандары вакцинацияланады.
Үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады.
Бұдан басқа, халықтың қосымша осал топтары: ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда. Халықтың осал топтары үшін коронавирусқа қарсы егу тегін жүргізіледі.
Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек.
Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.
«Спутник V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Сәйкесінше оны тек Қазақстанның кәмелетке толған азаматтары ғана ала алады.
Вакцина алғанға дейін әр адам вакцинаның құрамы, ықтимал жанама әсерлері, қарсы көрсетілімдері туралы ақпарат алуға құқылы.
Қазіргі қиын кезеңде індеттің құтылудың жалғыз жолы – екпе алу. Сол арқылы біз инфекцияның таралуын тоқтата аламыз.
Халықты вакцинациялау аумақтардағы медициналық ұйымдардың егу пунктерінде жүргізіледі.
Ұжымдық иммунитетті қалыптастырғанша коронавирустық инфекцияның алдын алудың барлық шараларын сақтаған жөн: масканы дұрыс тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, жеке бас гигиенасын сақтау, жөтелу әдебін сақтау.
Осыған байланысты өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығы үшін дұрыс шешім қабылдап, коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинацияны алуды ұсынамыз, тек осы жағдайда ғана ұжымдық иммунитет үшін қажетті жағдай жасалатын болады. Жаппай егу арқылы ғана біз COVID-19-ны жеңе аламыз.
Жанар Жаркеновна Беркимбаева,
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің басшысы.