Империяның құрылуы мен күйреуі: тарих бізге не үйретті?
1917 жылдың 24-25 қазанында Ресейде большевиктер партиясы басқараған төңкеріс болып, Уақытша үкімет құлатылды. Қысқа мерзімде большевиктер: Петроград, Мәскеу, Иваново-Вознесенск, Төменгі Новгород, Тверь, Ярославль, Екатеринбург және т.б. өнеркәсіп орталықтарында жаңа Кеңес өкіметін орната бастады. Төңкеріс кезінде жұмыс істеген Кеңестердің Бүкілресейлік II cъезінде большевиктердің ықпалымен Жер және Бейбітшілік туралы тарихи декреттер қабылданып, В.И.Ленин басқарған бірінші Кеңес үкіметі Халық Комиссарлар Кеңесі құрылды. Сонымен қатар, Кеңестердің съездер аралығында елдегі өкіметтің жоғарғы органы болып Бүкілресей Орталық Атқару Комитеті сайланды. Дәл осы кезеңде алдағы аталған декреттермен қатар, большевиктер үкіметі «Ресей халықтары құқықтарының декларациясы», «Еңбекші және қаналушы халық құқықтарының декларациясы» атты маңызды құжаттарын, Ресей федеративтік республикасын құру туралы қаулысын жариялады және социалистік құрлыстың негізгі кезеңдерін белгіледі.
Большевиктер билікке келісімен оларға қарсы бағытталған «ақтар қозғалысы» қарулы күрес бастап, Ресейде азамат соғысы орын алды. Кеңес өкіметі жаңа орнығып жатқан кезде көпұлтты Ресейде ыдырау үрдістері басталғандыды. Орайлы сәтті оңтайлы пайдалана білген Финляндия, Польша, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Эстония, Латвия және Литва елдері өздерінің тәуелсіздіктерін жариялап үлгерді. Сонымен қатар, Украинада Орталық Рада, Қазақстанда «Алаш-Орда», Түркістанда Қоқан автономиясының үкіметтері құрылды, олар жергілікті халықтардың мүддесін қорғайтын саяси күштер болды.
Бірақ Қазан төңкерісіне дейін Ресейді «халықтар түрмесі» деп, аз ұлттардың азаттығын жақтаған сыңай танытқан В.Ленин, И.Сталин бастаған большевиктер билікке келгеннен, кейін «ұлы державалық» пиғылдарын анық көрсете бастады. 1918-1919 жылдары большевиктер басшылығы, Қызыл Армияның күшімен Украинадағы, Қазақстандағы және Түркістандағы ұлттық үкіметтерді талқандап қуғынға ұшыратты, олардың орнына аталған аймақтарда Кеңес өкіметі орнатыла бастады.
Бөлініп кеткен территорияларды қайта қосып алу саясатың Кеңес үкіметі жалғастыра берді. Польшаның тәуелсіздігін таныса да, қалай да осы елді қайта қосып алу амалын Кеңестік Ресей басшылары іске асыруға кірісті. Сондықтан большевиктер осы кезде поляктармен жүргізілген келіс сөздерге немқұрайлы қарап, екі мемлекеттің арасындағы қатынастарды одан сайын шиеленістіруі, ең соңында Кеңестік Ресей мен Польшаның арасындағы соғысқа әкеп соқты. 1920 жылы кеңес-поляк соғысы кезінде Варшава түбінде Қызыл Армияны талқандаған поляк халқы өз тәуелсіздігін сақтап қалды.
Большевиктердің Ресей халықтарының тәуелсіздігіне қарсы болғанын Теріскей Кавказ жеріндегі оқиғалардан байқауға болады. Осында өздерінің тәуелсіздігін жариялаған Армения, Әзірбайжан және Грузияға Кеңестік Ресейдің басшылары ашықтан ашық қоқан-лоққы саясат жүргізіп, неше түрлі арандатушылық ұйымдастыра бастады. Осындай саясатты жүргізуде, әсіресе, И.Сталин, С.Киров, С.Орджоникидзе сияқты большевиктер партиясының белгілі қайраткерлері ерекше белсенділік көрсетті. Осы мемлекеттерге «еңбекшілер ерекше қарсы болып, бізден көмек сұрады» деген сылтаумен Ресей басшылары 1920 ж. сәуір айында Қызыл Армияны жіберіп, мусаватистер үкіметін құлатып, Әзірбайжанда Кеңес өкіметін орнатты. Тура осындай жолмен қараша айында дашнактар билігі жойылып, Кеңес өкіметі Арменияда орнады. Ал 1921 жылдың мамыр айында Қызыл Армия тәуелсіз Грузияға басып кіріп, осындағы ұлттық үкіметті құлатып, осы жерді кеңестендіруге жол ашты. Сөйтіп, большевиктердің агрессиялық саясатының нәтижесінде: армян, грузин және әзірбайжан халықтарының тәуелсіздіктері жойылды.
Әртүрлі ұйымдастырылған арандатушылықтан кейін, 1920 жылы Түркістан майданының (қолбасшысы М.Фрунзе) әскерлері патша кезінен сақталып келген Бұқар және Хиуа хандықтарын басып алып, осы жерлерде 1918 ж. құрылған Түркістан Автономиялық Кеңестік Республикасымен қатар «қуыршақ» Бұқар және Хорезм кеңестік республикаларын жариялады. Осы уақыттан бастап, әскердің күшімен орнатылған Кеңес өкіметіне қарсы Орта Азия халықтарының көп жылға созылған қарулы күресі басталды. Оның себептері туралы Кеңестік Ресейдің Қарулы күштерінің бас қолбасшысы С.Каменев «…Кеңес өкіметінің шаралары, шын мәнінде, отарлаушылық саясат болды. Сондықтан ол ұлттық қозғалыстың дамуына әкеп соқты. Қызыл гвардияшылар отрядтарының сорақылық істері басмашылардың көбейюіне әсер етті» деп көрсеткен. Осыған орай бір кезде большевиктер кемсітіп «басмашылар қозғалысы» деген соғыс, шын мәнінде Түркістанның жергілікті халықтарының Кеңес үкіметінің озбырлық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс болды. Осыған орай, айтып кету керек таяуда көрші Өзбекстан мемлекетінің үкіметі басмашылар қозғалысына қатысқандарды саяси ақтап шығарды.
1922 жылы Ресейдегі азамат соғысы большевиктер үкіметінің жеңісімен аяқталды. Қызыл Армия жеткен жерлердің көбісінде Кеңес өкіметі орнатылды, бірақ тәуелсіздіктерін жариялап, Ресейден: Польша, Финляндия, Латвия, Эстония және Литва бөлініп шықты.
Азамат соғысы кезінде Қазан төңкерісіне дейін Ресейді «халықтар түрмесі» деп олардың бостандығын жақтаған В.Ленин, И.Сталин т.б. большевиктердің көсемдері ұлт мәселесіне келгенде, ұлы державалық пиғылдарын анық байқатты.
Атақты советолог Р.Пайпстың айтуынша: «Ленин ұлттық проблемаға оны қалай шешу үшін емес, қайта оны қалай пайдалана білу керек деп қарады» дегенімен келісуге болады. Дегенмен, халықтардың сенімінен айырылып қалмау үшін, 1917 жылғы Декларациядағы уәделерін большевиктер Азамат соғысының қиын кезеңінде іске асыра бастады. Сөйтіп олар ұлттық аймақтарды уыстарында ұстап қалғысы келді.
Өздеріне пайдалы «пролетарлық интернационализм» принціпін негізге алып большевиктер 1918-1920жж. Ресей құрамында бірқатар автономиялар құрды. Бұл жұмысты жүргізгенде олар орталық аппарат пен көбінесе орыстардан тұратын жергілікті партия ұйымдарына сүйенді. 1918 жылы Еділ бойындағы немістер коммунасы, ал 1919 жылы Татар-Башқұрт автономиялары құрылды. Бірақ Татар-Башқұрт автономиясының басшылары «Пантюркизм» жолына түсті деп үріккен большевиктер бұл автономияны екіге бөлді. Сөйтіп 1920 жылы Башқұрт автономиялық кеңестік социалистік республикасы, Татар автономиялық кеңестік социалистік республикасы, Қазақ кеңестік автономиялық республикасы, Дағыстан және Таулы кеңестік автономиялық республикалары, сонымен қатар Шуаш, Карел, Удмурт, Мари, Қалмақ автономиялық облыстары мен округтары құрылды. Ал 1921 жылы Коми, Кабарда, Қырым автономиялары пайда болды.
Азамат соғысының аяғына қарай бұрынғы Ресей кеңістігінде Украин, Белорус, Әзербайжан, Армян және Грузин кеңестік социалистік республикалары және Қиыр Шығыс Республикасы пайда болды. Оларды большевиктер құрған үкіметтер басқарды.
1920-1922жж. осы республикалардың көпшілігі Ресей федерациясымен шаруашылық және дипломатия салаларында одақтастық туралы келісім шарттарға қол қойды. Ал осы республикалардың партия ұйымдары облыстық партия комитеті ретінде РКП(б) Орталық Комитетіне тікелей бағынатын болды. Ал Орталық комитет ұлт аймақтарындағы жергілікті халықтардың өкілдеріне сенімсіздікпен қарап, сол жерлердің басшылығына көбінесе комиссарларды Мәскеуден жіберіп, немесе сондағы орыс жұмысшылары мен солдаттарды қойды. Соңғылардың Орта Азиядағы «басқаруы» туралы партияның Орталық Комитеті 1920 жылдың маусым айында арнайы қаулы қабылдап, онда: «Отаршылдық психологиясы дарыған орыс жұмысшыларының қолында Кеңес үкіметі 2,5 жыл болса да, келімсектер мен жергілікті Түркістан халықтарының қарым-қатынастары өзгерудің орнына одан сайын шиеленісе түсті»-деп көрсеткен.
Осындай жағдайға байланысты Орталықпен басқа республикалармен және олардың халықтарымен қарым-қатынастарды заңдастыратын мәселелер қаралып талқылана бастады. Соның нәтижесінде Грузия басшылары Махарадзе, Орахелашвили, Мдивани қарсы болса да 1922 жылдың басында РКП(б)-ң нұсқауымен Грузия, Армения және Әзербайжан біріктіріліп, Теріскей Кавказ кеңестік социалистік федерациясы құрылды. Ал 1922ж. тамыз айында кеңестік республикалардың федерация негізінде одағын құру туралы жоспарды Сталин басқарған комиссия қарай бастады. Жалпы федерация арқылы Ресей, Украина, Белоруссия және Теріскей Кавказ федерациясының бір одаққа кіру жоспарын Ленин ұсынды. Ал Сталин бұл республикалар Ресей құрамына автономиялар ретінде кіру керектігін дәлелдеді. Осы кезеңде басқа да ұсыныстар болды. Мысалы: Грузия басшылары Теріскей Кавказ федерациясындағы республикалар әрқайсысы жаңа одаққа бөлек кіруін қалады. Осындай ұсынысты Татар, Башқұрт автономияларының басшылары да қолдады. Ал Украинаның өкілдері федерацияның орнына конфедерация құру керектігін дәлелдеді. Бірақ Сталин бұл ұсыныстарды қабылдатқызбай өзінің автономиялық жоспарын жақтап: «Ұлттық аймақтардағы жас буын коммунистер, тәуелсіздік ойынын ойын ретінде түсінгісі келмей, бізден тәуелсіз республикалардың конституцияларын іске асыруды талап етеді»-деп большевиктердің республикалар құруын «тәуелсіздік ойынымен» салыстырады. Сөйтіп басқарушы партияның ұлыдержавалық саясат жүргізетендігін айқын байқатады.
Бірақ Ленин Сталиннің «тым асығыс» шараларын сынға алып, партияның Орталық комитетінде өзінің жаңа одақты федерация негізінде құру туралы жоспарын қабылдатқызады. Әрине өздерінің осы жоспарларына қарамастан Ленин мен Сталин де құрылатын одақты болашақта біртұтас ірі коммунистік державаға айналдыру мақсаттары болғанын байқау онша қиын емес.
1922 жылдың желтоқсан айында Украинаның, Белоруссияның, Теріскей Кавказ және Ресей Федерациясы Кеңестерінің республикалық съездері өтті. Олар большевиктердің қысымымен республикалар одағының құрылуын жақтаған шешімдер қабылдады және Бүкілодақ Кеңестерінің І съезіне делегаттар сайлады. Осы уақытта Қиыр Шығыс Республикасы таратылып Ресейге қосылды.
1922 жылдың 30 желтоқсанында Мәскеу қаласында Бүкілодақ Кеңестерінің І съезі өтті. Съез төрт республика: Ресей, Теріскей Кавказ федерациялары мен Украина және Белоруссия бірігіп, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (КСРО) құрылуы туралы қаулы шығарды және КСРО-ң құрылғаны туралы Декларация мен Шарт қабылдады. Онда республикалардың одақтық мемлекетке бірігуінің принціптері мен шарттары баяндалды. Съезде КСРО Орталық Атқару Комитеті (ОАК) сайланып, оған төрт тең төрағалар болып- М.Калинин (Ресей), Н.Нариманов (Теріскей Кавказ), Г.Петровский (Украина) және А.Червяков (Белоруссия) сайланды. Бірақ тең төрағалық қағаз жүзінде қалып, аз уақыттан кейін Орталық Атқару Комитеттегі билік толық М.Калининнің қолына көшті.
1923 жылы шілде айында Орталық Атқару Комитетінің ІІ сессиясы КСРО-ң Конституциясын қабылдап, оны Бүкіл одақтық Кеңестерінің ІІ съезі 1924 жылдың 31 қаңтар айында бекітті. Конституция бойынша КСРО-ң жоғарғы үкімет органдарының қарауына мынандай мәселелер жататын болды: сыртқы саясат, соғыс жариялау мен бітім жасау, КСРО мен республикалардың шекаралары, КСРО құрамына қабылдау, КСРО Қарулы күштері, транспорт пен байланыс, халық шаруашылығын жоспарлау. Осыған қарағанда Конституция федерациядағы Орталықтың билігін заңдастырды. Әсіресе Конституцияның ІҮ тарауы бойынша Орталық үкімет республикалардың ішкі жағдайларындағы барлық мәселелерге араласып тұруға мүмкіншілік жасады. Ал Конституциядағы республикалардың Одақтан шығу құқығы көп жылдары қағаз жүзіндегі бап болып қала берді.
Жаңа Конституцияның негізінде КСРО өкіметінің жоғарғы органы Кеңестердің Бүкіл- одақтық съезі болды. Ал съездің араларындажұмысты екі палаталық Орталық Атқару Комитеті жүргізетін болды, оның палаталары Одақтық Кеңес және Ұлттар Кеңесі деп аталды. Бүкілодақтық съезге делегаттар губерниялық съездерінде сайланды. Ал губернияларға бөлінбеген республикаларда тікелей Кеңестердің республикалық съездерінде сайланды. Жұмысшы табының рөлін көтеру үшін сайлау кезінде 1 жұмысшының даусы 5 шаруаның даусына теңелді. КСРО-ң Орталық Атқару Комитетінің атқарушы және басқарушы органы КСРО-ң Халық Комиссарлар Кеңесі құрылып, оның ішінде Халық Комиссариаттары, Мемлекеттік Банк және Мемлекеттік Жоспарлау Комиссиясы бекітілді.
Бүкіл одақтық Орталық Атқару Комитетіне барлық республикаларда міндетті түрде орындалатын декреттер мен қаулылар шығару құқығы берілді. Сессиялар арасында жұмысты Орталық Атқару Комитетінің атынан оның Президиумы жүргізді. Президиум республикалардың қарым-қатынастарын, оларда шыққан қаулыларының Одақ Конституциясына сәйкестігін бақылайтын болды. Халық Комиссарлары Кеңесінің құрамында контрреволюция, шпионаж және терроризммен күресетнң Ерекше Мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) құрылды. Конституция барлық республикардың тұрғындарына бірыңғай азаматтық белгіледі.
Кеңестік федерация большевиктердің үгіт-насихат, саяси ұйымдастырушылық жұмыстары арқылы құрылған көпұлтты держава болды. Терезесі тең болып қосылған республикалардың барлық ресурстары бір Орталыққа бағындырылды, ал саяси басқаруды Коммунистік партия өз қолына алды. Осындай жағдайда большевиктерге экономиканы дамытуға, ішкі және сыртқы саясатты жүргізуге толық мүмкіндік пайда болды. Ал КСРО Конституциясы, белгілі ғалым Элен Каррер д.Анкосс көрсеткендей «Интернационализмге үйрететін мектепке» айналды. Сонымен қатар Кеңестер Одағы сияқты алпауыт Коммунистік державаның құрылуы большевиктерге халықаралық аренада әртүрлі арандатушылық, «революцияны экспорттау» саясатын жүргізуге мүмкіндік берді. Кеңес Одағының пайда болуымен «Қызыл империяның негізі қалыптаса бастады».
КСРО құрылғаннан кейін кеңес үкіметі ұлттық республикаларда көптеген саяси, экономикалық және мәдени шараларды іске асыруға кірісті. Республикалардағы басқару аппаратына жергілікті халықтардың өкілдері кіргізіле бастады. Бірақ оларға көбінесе сенімсіздікпен қараған Коммунистік партия ұлттық аймақтардың басшылығына өзінің өкілдерін жіберіп тұрды. Сөйтіп Одақтық басқару жүйесінің ерекше билігі бюрокртиялық орталықтандыру процессінің күшеюіне әкеп соқты.
1924-1925жж. Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік құрылыс жұмысы жүргізіліп, Түркістан Автономиялық Кеңестік республикасы, Бұқар және Хорезм халық республикаларының территориясында Өзбек және Түркімен Кеңестік социалистік республикалары құрылды. 1929 жылы Тәжік Автономиялық кеңестік социалистік республикасы одақтас республикаға айналды. Осы құрылған үш республика Одақ құрамына енді. Бірақ Кеңес үкіметі республикалардың шекараларын бөлген кезде көптеген қателіктерді жіберді. Мысалы: қазақтардың бірқатар батыс және солтүстік жерлері Ресей федерациясының құрамына, тәжіктердің Самарқан, Ходжент аймақтарының кей жерлері Өзбекістанның құрамына бөлініп берілді, ал Әзербайжан мен Армения араларындағы өткізілген шекара кейін шешілмейтін проблемаға айналды.
1923-1929жж. реформа бойынша Кеңес Одағында губерниялар, уездер, болыстықтар орнына облыстар, аудандар селолық және ауылдық кеңестер құрылды. Дегенмен, Кеңес Одағы кезінде ондағы көптеген ұлттық республикалар мен аймақтар өздерінің әлеуметтік-экономикалық дамуында және мәдениет саласында айтулы жетістіктерге жетті. «Социалистік интернационализм» негізіндегі КСРО-ғы ұлттық республикларда өздерінің үкіметтері, әнұрандары және Конституциялары болды, тіпті олардың әкімшілік шекаралары болды, сөйтіп, кеңестік негізде болсада ұлттық республикаларда мемлекеттілік қалыптасты.
Бірақ, «халықтар достығының салтанаты» орнаған көпұлтты федерация орнына Кеңес Одағы біртіндеп әкімшілдік-әміршілдік басқару системасы қалыптасқан, тоталитарлық сипаты бар коммунистік империяға айналды. КСРО құрылған кезде федерацияда терезесі тең болады деген одақтас республикалар барлық жағынан Мәскеуге бағынып, онсыз бір жөнді мәселені шеше алмайтын қуыршақ құрылымдар болып қала берді. «Социалистік интернационализм» принципі негізінде бір тілде сөйлейтін, бір идеологияға және бір орталыққа бағынған «кеңес халқын» құрамыз деген Одақ басшыларының әрекеті XX ғасырдың 70 жылдары сәтсіз аяқталды. Ең соңында экономикасы ішкі және сыртқы жағдайы, ұлттық саясаты тығырыққа тірелген Кеңес Одағы 1991 жылы ыдырап оның кеңістігінде 15 тәуелсіз мемлекет пайда болды. КСРО ыдырауындағы басты себеп –ол 1986 ж. Қазақстанда басталып: Украина, Латвия, Литва, Эстония, Грузия және Әзірбайжанда жалғасын тапқан ұлт-азаттық қозғалыс болды деп айтуға болады. Кеңес Одағының ыдырауы тарихи заңдылыққа бағынған үрдіс, өйткені көпұлтты империялар қандай саясат жүргізсе де уақыты жеткенде ыдырауға мәжбүр болады.
Кәзіргі кезде КСРО кеңістігінде пайда болағн тәуелсіз республикалар әрқайсысы өзінің шамасына қарай даму жолына түсті. Олар саяси және әлеуметтік-экономикалық жағынан белгілі дәрежеге жетті. Бірақ екі алпауыт мемлекет Қытай мен Ресей Батыс державалары сияқты посткеңестік елдерді әртүрлі өздеріне пайдалы одақтарға және ұйымдарға итермелеп бағуда. Әсіресе, Ресейде соңғы кезде империяны аңсау пиғылдары байқалып отыр, бұл елде 1914 жылғы Үлкен Ресейді немесе КСРО сияқты державаны басқа атпен болса да, қайта құру деген әртүрлі ұрандар тіпті жоспарлар дайындалып жатыр. 1994 жылы Қазақстан президенті Н.Назарбаев ұсынған Еуразиялық одақ идеясы көтерілді, ол бойынша бұл одаққа көптеген еуразиялық мемлекеттер терезесі тең болып кіруі мүмкін деген. Осы идеяны басында қолдаған Ресей басшылары бұл одақты өзінше түсінеді. Олардың пайымдауы бойынша КСРО орнына Ресейдің басқаруымен Еуразиялық одақ құрылып, оған негізінен посткеңестік республикалар кіруі керек екен. Осы жоспарды іске асыру үшін Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымы мен Белорусь, Ресей және Қазақстан кірген кедендік одақ пайда болды, осы одаққа кіргізу үшін Ресей басшыларының Украина, Тәжікстан және Қырғызстанға әртүрлі қысым жасағаны белгілі жағдай. Кейбір ТМД мемлекеттері кірген Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Қытай мен Ресейге пайдалы болып отыр, өйткені олар осы ұйым арқылы Орталық Азия мемлекеттерін өздерінің уысында ұстап қалғысы келеді.
Ал Ресейдің ықпалымен жүргізіліп жатқан Еуразиялық экономикалық кеңістікті қалыптастыру жұмысы, болашақ Еуразиялық Одақтың бірккен экономикасының негізі болмақ. Кейбір ресей саясаткерлерінің конфедеративтік негізінде құрылатын болашақ Еуразиялық одаққа посткеңестік мемлекеттердің көпшілігі кіруі керек деген ашық айтылып жүрген сөздері көпшілікті алаңдататын жай. Ресейге күшті және ықпалды Еуразиялық Одақ неге керек деген сауалға, мынандай жауап беруге болады: Ресейдегі империяны аңсаушы саяси күштер ТМД мемлекеттерінің біріккен әскери-экономикалық потенциалын пайдаланып қайтадан бір кездегі Кеңес Одағы сияқты Батысқа қарсы тұрғысы келеді.
Осыған орай посткеңестік үлкенді-кішілі мемлекеттер, (оның ішінде Қазақстан) ірі державалар құрған әртүрлі одақтарға кіруді басты мақсат деп есептемеуі керек, өйткені, ондай қадамдар сол елдердің тәуелсіздігіне қауіп төндіретіні анық. 1922 жылы большевиктердің Кеңес Одағын құрудағы алдау-арбау, зорлық-зомбылық саясатына алданып қалған: Украина, Белоруссия және Теріскей Кавказ басшыларының, кейін опық жегенін ұмытпау керек сияқты. КСРО-ң құрылу оқиғаларын оқыған да, зерттеген де орынды, бірақ талай рет бодандықты бастан кешірген ТМД халықтарының тарихтан тағлым алатын уақыты жетті деуге болады. Халықаралық дипломатияда екі жақты қатынастар деген қағида бар, сондықтан уақыт сынағынан өткен осы принциптер арқылы ірі державалар құратын әскери немесе экономикалық одақтарға кірмей-ақ, Достастық елдері әлемдегі барлық мемлекеттермен саяси-экономикалық, мәдени қатынастарды әржақты және толыққанды дамытуға барлық мүмкіншіліктері бар.
Адамбек Бітімбек Көпбайұлы
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің
бүкіләлем тарихы және халықаралық қатынастар
кафедрасының профессоры