Иесіз иттерге екпе салынады

Мемлекет басшысы осыған дейін күшіне енген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға қол қойды. Онда жануарларды қайтарымсыз аулауға тыйым салу енгізілді, оның орнына адамгершілікпен аулау, зарарсыздандыру, жануарға деректер беру және кері қайтару қарастырылған. Осы заң арқылы жекелеген санаттағы жануарларды мәдени ойын-сауық, эксперименттік, қызметтік мақсаттарда, үйдегі, қараусыз және қаңғыбас жануарларды асырау және ұстау кезіндегі талаптар белгіленген.

Үй жануарларын асырауды реттеуге бағытталған нормативтік-құқықтық акт жобалары жайы да айтылған. Олар:

– үй жануарларын ұстау мен серуендетудің типтік ережелері;

– үй жануарларын есепке алу ережелері;

– жануарларды тасымалдау ережелері;

– есепке алынатын үй жануарларының тізбесі;

– тұрғын үйлерде ұстауға тыйым салынған жануарлардың тізімі;

– жануар иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін үй жануарларының тізімі.

Иесіз ит, жауапсыз қожайын, төртаяқтыдан төнер қауіп. Біздің аймақ үшін мұның бас ауыртар өзекті тақырыптың біріне айналғаны – шындық. Жұрт көзқарасы да екіұдай. Біреулер бұралқы итке жанашырлық танытса, екінші тарап олардан таралар ауруды, келер залалды айтып бағуда. Қалай дегенмен, иттің иттік қылған оқиғалары жетерлік. Ел бойынша деп есепті көбейтпеген күннің өзінде, Қарағанды облысының өзін ғана алсақ, өткен жылғы қарашада Сұрыптау стансасында тұратын ер адамға ит шауып, жәбірленушінің бет-аузын қан-жоса етіп талап тастады. Шілде айында аулада жүрген жүгенсіз ит бүлдіршінді қауып, денесіне жарақат салды. Наурыз айында Михайловкада жүкті әйелге құтырған ит шапқан. Ақтоғай ауданында адуынды ит екі бүлдіршінге шауып, біреуінің өмірін қиды. Айта берсең, көңіл көншітпейтін мұндай көрініс көп. Ақыры жұрт шуласып жүріп, жауапты мекеме нақты әрекетке көшті. Нақты айтқанда, Қарағанды облысында үйсіз жануарларды аулау, вакциналау, зарарсыздандыру және чиптеу басталды. Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен алқалы кеңесте хабарланды. Процедуралар қаңғыбас иттер мен қараусыз мысықтар санын реттеуге мүмкіндік бермек.

Қарағанды, Саран және Шахтинск қалаларында қызмет көрсетушілер анықталған. Ұсталған жануарлар әлі көп емес, бірақ жұмыс басталды. Бұл турасында Ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков мәлімдеді.

– Бүгінгі таңда конкурстық рәсімдер аяқталды. Қарағанды қалалық ветеринариялық стансасы конкурстық негізде қызмет көрсетуші құқығын иеленді. Қазіргі таңда зооқорғаушылармен келісімшарт жасалып, бірлескен жұмыс жүруде. Ит аулау, арнайы шарадан өткізу жұмыстарын жасауда әсіресе мектеп айналасы, балалар көп жүретін жер, демалыс орындары басты назарға алынуда. Қосымша Теміртау, Балқаш, Қарағанды қаласында уақытша ұстау жұмыстары туралы конкурс екі кезеңде де өтпеді. Қазіргі Қарағанды қаласындағы №1 ЖЭО жанындағы уақытша ұстау орны аяқталған бетте біз үшінші рет конкурс өткіземіз. Бірақ оған қарамастан зооқорғаушылар көмегімен бұл мәселе жайлап шешілуде, – деді Қайырбек Тұрсынбеков.

Қолға алынған бұл жұмыстардан бөлек адамдар тарапынан түсіністік қалыптастырып, зооқорғаушылармен бірлесе отырып заңға қайшы келмейтін, жұртқа зияны тимейтін іс тындыру маңызды.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»