«Handmade Art» кеші – өнер мен шабыт тоғысқан сәт

Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада ерекше шығармашылық рухқа толы «Handmade Art» кеші өтті. Жіп пен бояудың үйлесімінен туған бұл шара өмірдің өз өрнегін бейнелегендей болды. Кеш қонағы ретінде суретші, өнертанушы Мәлік Мұқанов қатысып, өнердің мәні мен қолөнердің қазіргі даму бағыттары жөнінде ой бөлісті. Шара қатысушыларға шабыт сыйлап, ұлттық және заманауи өнердің үндестігін сезінуге мүмкіндік берді.

Мәлік Мұқанов – PhD, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, заманауи қазақ гобелен өнерінің танымал өкілі әрі тәжірибелі педагог. Ол ширек ғасырға жуық уақыт бойы ұлттық және заманауи бағытты тоғыстырған, өзіндік қолтаңбасы айқын бірегей туындылар жасап келеді.

– Ерекше ешқандай құпия жоқ. Мен өмірден жинаған тәжірибемді пайдаланып, оны шығармашылығымда іске асырамын. Гобелен өнерінде өзім «Попанов мектебі» бағытын ұстанамын және өнердің ұлттық сипаты сақталуы керек деп есептеймін. Бұл – менің басты ерекшелігім. Себебі қазіргі жаһандану дәуірінде шекаралар жойылып бара жатқан шақта, ұлттық болмысымыздан ажырамау және тамырымызды сақтау – аса маңызды әрі қажетті іс, – дейді суретші, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Мәлік Мұқанов.

Оның шығармалары тек көрме залдарында ғана қойылмайды. Қазіргі таңда еліміздің бірнеше мәдени және мемлекеттік нысандарын оның туындылары безендіруде. Әрбір жұмыс ауқымы, мазмұн тереңдігі және орындау шеберлігімен ерекшеленеді. Кітапханада өткен кездесуде суретші гобелен тоқу технологиясымен бөлісіп, шеберлік сағатын өткізді. Гобелен – түрлі түсті жіптерді қолдана отырып тоқылатын көркемдік туынды. Кешке қатысушылар суретшінің еңбектерін тамашалап, авторлық стильде кілемше жасау процесін бақылау мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар шара аясында сәндік-қолданбалы өнерге арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

– Бүгін біз зор әсер алдық. Кездесу керемет өтті, шынайы әңгімелерге толы болды. Өзім гобеленмен жұмыс істеген кездерімді еске түсіріп, ерекше сезімге бөлендім, – деп бөлісті өз әсерімен «Репинка» көркемсурет мектебінің жетекшісі Валерия Магдеева.

Кеш жас суретшілерге де айрықша шабыт сыйлады. Болашақ қылқалам шеберлері тәжірибелі маманнан алған сабақтары үшін ерекше қуаныш сезімін білдірді.

– Бұрын мен гобелен өнерін тек теория мен кітаптар арқылы ғана білетінмін. Ал бүгін Қазақстанда бұл өнердің осылай дамып келе жатқанын өз көзіммен көріп, үлкен шабыт алдым. Гобелен тек академиялық салада ғана емес, күнделікті өмірімізге де енген екен, – дейді «Репинка» көркемсурет мектебінің түлегі Анастасия Скорикова.

Арт-кештің негізгі мақсаты – жас суретшілердің өнерге деген ерекше қызығушылығын арттырып, олардың эстетикалық талғамын дамыту.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»