Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған акция

Қарағанды қаласында «Құқықтық тәртіп әліппесі» атты акция ұйымдастырылды. Шара облыстық экономикалық тергеу департаментінің бастамасымен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өтті. Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық білімін көтеріп, заң талаптарын түсіндіру арқылы құқықтық мәдениетті қалыптастыру.

2025 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің құрылғанына бес жыл толуына орай экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Ашық есік» күнін өткізді. Шараға мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, облыстық прокуратура өкілдері мен жастар бірлестіктері қатысты. Қонақтар экономикалық тергеу қызметінің құрылымдық бөлімшелерінің жұмыс барысымен танысты.

– Қарағанды облысында «Заң және тәртіп» нарративін жүзеге асыру мен оның орындалуын бақылау мақсатында облыс прокуратурасының бастамасымен Жобалық кеңсе құрылған. Бүгінгі шара осы Жобалық кеңсенің бастамасы аясында өткізіліп отыр. Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық бөлімшесі ретінде ел басшылығы айқындаған міндеттерді жүзеге асырады. Кездесу барысында тарихи деректерге тоқтала кетсек, 1991-1997 жылдары департамент салық полициясы бөлімі ретінде жұмыс істеген. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өз жүйесін қалыптастырып, осы кезеңде салық органдары мен салық заңнамасының бұзылуына қарсы күрес жүргізетін алғашқы құрылымдар құрылған, – деді Қарағанды облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ержан Өтебаев.

«Заң және тәртіп» қағидаты – ең алдымен, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жолында барлық мемлекеттік орган үшін аса маңызды бағыт.

– «Заң мен тәртіп» аясында ұйымдастырылатын шаралар облыс прокуратурасы жанынан құрылған Жобалық кеңсенің жүйелі қызметінің маңызды құрамдас бөлігіне айналған. Кеңсе өңір тұрғындары үшін күнделікті негізде тақырыптық кездесулер, түсіндіру лекциялары мен профилактикалық шаралар өткізіп келеді. Кездесу барысында қатысушыларға ведомство қызметінің негізгі бағыттары таныстырылды, – дейді Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.

Ашық форматтағы шаралар құқық қорғау органдарының қызметін тереңірек түсінуге мүмкіндік беріп, азаматтарға өз құқықтарын қорғауда оң әсерін тигізетінін атап өтті.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»