Халықтық штабтың сайты іске қосылды: АЭС туралы барлық ақпарат бір платформада
Amanat партиясының TALQYLAU диалог алаңының отырысы аясында Атом электр станциясын (АЭС) салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың ресми сайтының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Халықтық штабтың баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа ресурс – aes2024.kz алдағы референдум мен Қазақстандағы атом энергетикасының даму перспективалары туралы жан-жақты ақпарат ұсынады.
Аталған платформада әлемдегі атом энергетикасының даму тарихымен танысуға болады – АЭС саны мен халықаралық тәжірибеден бастап, қауіпсіздік стандарттары мен жаңа буын реакторларының ерекшеліктеріне дейінгі деректер қамтылған. АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың Медиа-тобының жетекшісі Бақтияр Мәкен жаңа порталдың тұсаукесері барысында сайттың халықты атом энергетикасы мен алдағы референдум туралы ақпараттандырудағы маңызды рөлін атап өтті.
«Референдум туралы және атом энергетикасының ерекшеліктері жайлы объективті әрі толық ақпарат беру мақсатында біз Қазақстанда өтетін референдумға арналған бірыңғай ақпараттық ресурс аштық. Бұл сайт атом энергетикасы мен референдум мәселелеріне қызығушылық танытқан азаматтар үшін негізгі ақпарат көзіне айналады. Ресурс құрылымы егжей-тегжейлі ойластырылған. Сайт қолданушыға барынша ыңғайлы етіліп жасалған: интерфейс оңай әрі қажетті ақпаратты еркін алуға мүмкіндік береді», – деді Бақтияр Мәкен.
Сайт қазақ және орыс тілдерінде үш негізгі айдарды қамтиды: «Жаңалықтар», «Атом энергетикасы туралы» және «АЭС салу бойынша». Айдарлар мен олардың сипаттамалары түсінікті әрі қарапайым тілмен жазылған. Сайлаушыларға ыңғайлы болу үшін басты бетте референдумның күні мен өтетін орны көрсетілген және кері санақ жүргізілуде. Электронды сағаттар нақты уақыт режимінде кері санақ жүргізіп, сайлау учаскесіне бару уақытын жоспарлауға мүмкіндік береді.
«Сайт құрылымы ыңғайлы, қолданушыға қажетті ақпаратты тез табуға мүмкіндік береді. Басты бетте атом энергетикасының экономикалық, экологиялық және басқа да аспектілері туралы мазмұн қысқаша әрі түсінікті түрде берілген. Интернет қолданушысы АЭС құрылысына қолдау білдіру немесе қолдамау мәселесінің қоғамға қалай әсер ететінін біле алады. Әрбір сайлаушының дұрыс шешім қабылдауы үшін беделді сарапшылар, соның ішінде «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин, Ядролық технологиялар қауіпсіздігі ғылыми-техникалық орталығы директорының орынбасары Александр Клепиков және басқа да мамандар өз пікірлерімен бөлісетін болады», – деп қосты Бахтияр Мәкен.
Фото: aes2024.kz