Халықты қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету
Биылғы жылдың 5 айында Қарағанды облысында ет және сүт өндіру көлемі артқан. Ауылшаруашылығының жалпы өнімі 89,9 миллиард теңгеге жетті. Тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі екені әкімдікте өткен аппараттық жиында айтылды.
Алқалы жиында аграрлы сектордың 5 айдағы жұмысы қорытындыланды. Тағам өнімдерінің бағасын қадағалау, азық-түлік қауіпсіздігін арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралар – бүгінгі күннің өзекті мәселесі облыстық биліктің жіті назарында. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының ақпарынша, қаңтар мен мамыр айларында ет өндірісі 2,8 пайызға және сүт өнімділігі шамамен 1 пайызға жуық артқан. Ірі қара мал басына қатысты да 1,2 пайызға өсім бар. Биылғы көктемгі егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 15 мың 200 гектарға артып, 1 миллион 91 мың гектарды құрады. Бұл ретте дәнді және дәнді бұршақтар алқабы қысқартылуы себебінен жем шөп дақылдарының егісі ұлғайтылды.
– Ауылшаруашылық құрылымдарындағы картоп, 12 000 гектар алқапқа отырғызылып, көкөністер 994 гектарды құрады. Сортты жаңарту үшін, 102 шаруашылықтармен 8 000 астам жоғарғы өнімді дәнді тұқым сатып алынды. Барлығы 104 300 тонна астық тұқым егілді. Минералды тыңайтқыштар қолданылған 581 000 гектарға дейін ұлғайтылып, ұлғайту есебінен ағымдағы жылы оларды қолданудың үлес санағы алаңның 48 пайызын құрайтын болады, – дейді Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин.
Сайып келгенде, биыл ауа-райы қолайлы болса аймағымыздың диханшы, бағбаншылары өткен жылдарға қарағанда картоп пен дәнді дақылдарды 10-16 пайызға көбірек жинауды жоспарлап отыр. Фермерлердің қажетті техниканы жаңартып, жабдықталуы да өнімділікті арттыруға үлес қосады. Мәселен, биыл маусымдық жұмысқа 399 қосымша ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. Шаруашылық тауарын өндірушілер 5,8 млрд. теңгеге субсидия алды. Бұл жұмыстардың барлығы аграрлы сала өкілдерін қолдау, сол арқылы азық-түлік өнімдерінің ауқымын ұлғайту, халықты қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету. Және бұл мақсатта арнайы сүт тауарлы фермалар тұрғызылып, қой шаруашылығы үшін бордақылау алаңы да бұл күнде салынып жатыр.
– Сүт пен ет өнімінің көлемін ұлғайту үшін облысымызда 2 сүт тауарлық фирма 1 500 басқа салынады. Қуаттылығына жылына 50 тонна қой етін өндірілетін, 1 000 бас қойға арналған бордақылау алаңы да салынып жатыр, – деді Саят Мусин.
Бұл шара жұмыртқа өндірісін 12 миллион данаға дейін ұлғайтып, жылына 256 миллион данаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді дейді, басқарма басшысы. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңес отырысында әлеуметтік маңыздағы азық-түлік бағасының құнын қадағалауда ұстау қажеттігін айтты. Әлеуметтік нан бағасын арзандату жайында облыс әкімі осыған дейін тапсырма беріп, сол жұмыстың нәтижесі қалай деп сұралды. Бүгінде әлеуметтік нан бөлкесі 135 теңгеге дейін төмендеді деді, басқарма басшысы. Қалай дегенмен, халықты қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету шенеуніктердің басты міндеті болуы тиіс. Ол үшін бағаны тұрақты түрде бақылау маңызды.
Ауыл шаруашылық басқармасы қалалар мен аудандардың әкімдері, ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік өнімдерін өндірудің нақты көлем өндірісін оң динамикасын сақтай отырып, индикативті көрсеткіштерді орындауын қамтамасыз етсін, –деп тапсырды Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Аграрлы салада өнімділік көрсеткішін жоспарлы межеге жеткізу үшін тиісті тапсырмалар жүктелді. Облысымызда өнімділікті молайтудың тетіктері бар және мал бордақылау алаңдарын, сүт тауарлы фермалар тұрғызу сынды ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Фермерлерге түрлі субсидия беріледі. Соған сай өзімізде өндірілген өнім құны негізсіз қымбаттамауы тиіс. Облыс әкімі ауыл аймақта өндірілген сол өнімдердің бағасын да ұстап тұру мәселесін пысықтауды тапсырды.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»