Халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір
9 қазан – Дүниежүзілік пошта қызметкерлері күні. Бұл — қоғам мен билік арасындағы байланысты қамтамасыз етіп жүрген жанкешті мамандардың еңбегі еленетін күн. Қарағанды қаласында пошта саласына өмірін арнаған кәсіби мамандар аз емес. Солардың бірі — 35 жылдан астам уақыт бойы осы салада үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Нина Шишминцева. Оның еңбек жолы – адалдық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Міне, күн сайын бізге уақтылы келетін хаттар мен сәлемдемелердің артында тынымсыз еңбек пен жауапкершілік тұрғанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Осы саланың беймәлім батырларының бірі – өз ісіне адал, елге қызмет етуді өмірлік мұрат еткен Нина Анатольевна. Ол отыз жылдан бері талмай, қалтқысыз еңбек етіп, басылымдарды оқырманға уақытында жеткізіп келеді. Қарапайым ғана пошташы мамандығы – Нина Анатольевна үшін жай жұмыс емес, бұл – халықпен тығыз байланыс орнататын, сенім мен жауапкершілікке толы өмір жолы.
— Мен поштаға 1983 жылы жұмысқа келдім, жүйелі жұмысы бірден ұнады. Содан бері осы салада үздіксіз еңбек етіп келемін. Маған бұл мамандық өте жақын әрі жүрегіме жылы, сондықтан 35 жылдан астам уақыт бойы осы қызметте келемін және ешқашан өкінген емеспін, -деді Қарағанды қаласы №1 жеткізу қызметінің пошта қызметкері Нина Шишменцева.
Әр адамның өмір жолы әрқилы. Бірі туған жерінде түбегейлі қалып, еңбек етсе, енді бірі тағдыр жетелеген жаңа ортада өз орнын табады. Солардың бірі – Нина Анатольевна. Молдова жерінде дүниеге келіп, тігін фабрикасында білім алған ол біраз уақыт мамандығы бойынша еңбек етті. Алайда 1980 жылы өміріне үлкен өзгеріс еніп, Қазақстанға қоныс аударады. Жаңа мекенде отбасын құрып, тың өмір бастаған Нина Анатольевна көп ұзамай пошта саласына қадам басады. Содан бері бұл сала оның өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналды.
— Тігін фабрикасынан кейін көшеде пошташы керек деген хабарландыруды көзім шалып қалды. Қызығушылықпен барып, жұмысқа орналасып кеттім. Содан бері осы саладамын. Таңертең сағат 8-де жұмысқа келеміз, алдымен газеттер мен хаттарды қабылдап, сұрыптаймыз, тапсырыстарды тіркейміз. Кейін оларды халыққа таратуға шығамыз. Адамдар жылы жүзбен қарсы алғанда, жұмысқа деген көңіл де, құлшыныс та арта түседі, -деп атап өтті Нина Шишменцева.
— Біздің бөлімше 15 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Мұндағы көптеген қызметкерлер 30–35 жылдан бері осы салада табанды еңбек етіп жүр. Почташы – бұл жөнелтілімнің соңғы, бірақ ең маңызды буыны. Солардың бірі – Нина Анатольевна. Ол – ерекше жан, талай қиындықты сабырмен еңсерген еңбекқор адам. Ең бастысы – денсаулық, өйткені пошташы күні бойы халыққа хат-хабарды дер кезінде жеткізу үшін көп күш пен энергия жұмсайды, -дейді Қарағанды қаласы №1 жеткізу қызметінің басшысы Бибігүл Иманбаева.
Күн сайын тынымсыз еңбек етіп, халықпен тікелей байланыста жұмыс істейтін пошта қызметкерлерінің еңбегі кейде назардан тыс қалып жатады. Алайда дәл осы мамандардың табанды еңбегі ел ішіндегі тұрақтылық пен сенімді байланыстың берік негізіне айналып отыр.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»