Халықаралық жарыстың үздіктері
Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында RoboCup Asia-Pacific 2025 халықаралық робототехника байқауы өтіп, онда Қарағандыдағы «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының Inspiro командасы ерекше нәтиже көрсетіп, «Super Team» номинациясы бойынша I орынға ие болды.
Бұл жеңіс Қарағанды таланттарының робототехника және жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктерінің жоғары екенін халықаралық аренада көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның техникалық білім беру жүйесінің әлеуетін де нықтай түседі.
Жарысқа жалпы 22 елден 700-ден астам қатысушы келген. RoboCup жарыстары – датчиктер, динамикалық қозғалыс, машиналық оқыту, компьютерлік көру жүйесі және көп роботты жүйелер секілді заманауи технологияларды дамытуда маңызды рөл атқаратын ғылыми-білім беру алаңы.
Inspiro командасының құрамында үш оқушы бар: капитаны – Ясмин Сейфуллина, сонымен бірге Айлин Сейфуллина және Максим Бормин. Ясминнің айтуынша, бұл команданың халықаралық жарыстарда тәжірибе жинауы бұрыннан келе жатқан дәстүр. 2023 жылы олар Францияның Бордо қаласына, ал кейін Нидерландыға барған екен.
Байқауда Inspiro оқушылары «Айдаһарды қалай баулу керек?» атты шоу-робот жобасын ұсынған. Бұл робот-аниматроник мультипликациялық кейіпкерлерден шабыт алып жасалған және жасанды интеллект (AI), күшейтілген шындық (AR), сондай-ақ дауысты және бет-әлпетті тану жүйесі қамтиды.
Осы жеңісті команданың өзі зор мақтанышпен қабылдаған. Ясмин Сейфуллина былай дейді:
– Біз халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғағанымызға мақтанамыз. RoboCup Junior OnStage тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Осындай жарыстар арқылы біз болашақ мамандығымызды және оқитын оқу орнымызды таңдай аламыз, – дейді Ясмин Сейфуллина.
Сонымен қатар, Ясмин мектеп басшылығына және KazRobotics федерациясына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірген.
Ал Максим Бормин үшін бұл жарыс – электроникаға деген қызығушылығын тереңдете түскен тәжірибе болды:
– Мен үшін бұл жаңа әрі үлкен тәжірибе болды. RoboCup-та әсер еткен нәрсе – адамдардың қаншалықты тез жұмыс істей алатындығы. Бір жұмыс тұралап қалса, бірнеше минут ішінде бәрі түзетіледі. Үйренгенім көп. Маған ұнағаны – мұнда бәрі батыл түрде тәжірибе жасайды және қатысушылар бір-бірімен бәсекелес болса да, көмек қолын созуға дайын», – деді ол.
Бұл жеңіс оқушылардың инновациялық ойлау қабілетін, командалық жұмысты және техникалық біліктілікті жоғары деңгейде меңгергендігінің дәлелі. Сонымен бірге, ол жергілікті білім беру жүйесін, мектеп-лицейді және бүкіл қауымды жігерлендіреді және келешекте осындай командалардың көбеюіне түрткі болатын маңызды оқиға.
Қарағандыдағы Inspiro командасының табысы Қазақстан жасөспірімдерінің технология саласында бәсекеге қабілетті екенін халықаралық деңгейде көрсетуі. Болашақта осы оқушылардың әрі қарай дамып, ғылым мен техниканы одан да жоғары белестерге жетілдіру мүмкіндігі зор деп сенуге болады.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

