Халықаралық жарыс жеңімпазы
15 медалді қанжығалап қайтты. «Азия балалары» халықаралық турнирінде жерлестеріміз жақсы нәтиже көрсетті. Бокстан Тимур Тайбеков жеңімпаз атанып, Қарағанды үшін талай жылдық рекордты жаңартты.
26 маусым мен 7 шілде аралығында Якутск қаласында VIII «Азия балалары» халықаралық спорттық ойындары өтті. Төрт жыл сайын ұйымдастырылатын әрі бүкіл Азия құрлығын қамтитын жарыстарға 30 елден 16 жасқа дейінгі спортшылар қатысты. 24 спорт түрінен 239 медаль жиынтығы ойнатылды. Қазақстанның намысын 200 жас спортшы қорғап, қарағандылық спортшылар 15 медаль ұтып алды. Солардың бірі Тимур Тайбеков бокстан бірінші орынды жеңіп алды.
– Бокспен 5 жыл бойы айналысып келемін. Мен бұл жеңіске талай жылдық жаттығудың арқасында жеттім. Ең бірінші якутпен кейін, Өзбекстан мемлекетінің спортшысымен шықтым. Екеуін де жеңдім. Жарысқа өте тыңғылықты дайындалдық. Еңбек еш кетпегеніне қуаныштымын, – дейді ол.
Сонымен қатар, қарағандылық Юлия Демкина 200 метр жүгіруден – күміс; 100 метр жүгіруден – қола және 4х100 метр эстафетадан – қола жеңіп алды. Юлия 13 жаста. Спорттың бұл түрімен айналысқанына 9 жыл болған.
– Мен үздік үштікке кіре алмаймын ба деп уайымдаған едім. Алайда, 3 орынға ие болдым. Жеңіл атлетика маған қатты ұнайды. Келешекте мен олимпиада чемпионы болғым келеді. Бала күннен осы салада жүргендіктен енді тастамай, арманымды жүзеге асырсам деген мақсатым бар, – деп атап өтті «Азия балалары» халықаралық ойындарының жүлдегері Юлия Демкина.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев барша жеңімпаз пен жүлдегерді құттықтап, ізгі ниетін білдірді. Барлық жүлдегер дене шынықтыру және спорт басқармасының Алғысхаттарымен марапатталды. Енді олар басқа да жарыстарға дайындықтарын бастайды.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»