Халықаралық делегация сапары

Қарағанды облысына Жасыл климат қорының (GCF) атқарушы директоры Мафальда Дуарте бастаған халықаралық делегация арнайы іссапармен келді. Сапар аясында делегация мүшелері ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге аймақтағы күн электр станциясының жұмысымен танысып, баламалы энергия көздерін дамыту бағытындағы бастамаларға баға берді. Тараптар климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында бірлесіп атқаратын келешек міндеттерді де нақтылады.

Жасыл энергетика – болашақтың бағыты. Осы ретте елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға халықаралық деңгейде қолдау көрсетілуде. Өңірімізге келген Халықаралық қаржы институты — Жасыл климат қоры (GCF) мен Еуропалық қайта құру және даму банкі еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған бірқатар ірі жобаларды инвестициялауда. Солардың бірі – Саран қаласындағы қуаты 100 МВт күн электр станциясы. 2019 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан бұл нысан – Қазақстандағы ең ауқымды әрі тиімді жобалардың бірі. Күн паркінің жалпы ауданы 160 гектарды құрайды, мұнда 300 мыңнан астам фотоэлектрлік панель орнатылған. Сапар барысында GCF басшысы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен және Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге станция жұмысының тиімділігіне баға беріп, жаңартылатын энергия көздерін кеңейту жөнінде пікір алмасты.

— Барлық жобаларды жүзеге асыруға біз қашанда дайынбыз. Бізде тиісті ресурстар жеткілікті. Халық игілігі үшін, экономикаға серпін беретін бастамаларды бірлесе атқаруға дайынбыз, — деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Сарандағы күн электр станциясы – еліміздің жасыл энергетика саласындағы табысты жобаларының бірі. Кәсіпорын басшылығының мәліметінше, станция жылына орта есеппен 120 миллион киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді. Бұл көрсеткіш мыңдаған тұрғын үйді жарықпен қамтамасыз етуге жеткілікті. Жоба тарихы, қазіргі жағдайы мен болашақ даму бағыттары туралы «SES Saran» ЖШС бас директоры Евгений Гребенников кеңінен баяндап, нысанның тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауы зор үлес қосқанын атап өтті. Іс-шара барысында сала мамандары күн электр станциясының техникалық сипаттамалары мен қызмет көрсету ерекшеліктеріне тоқталып, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Жоба өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға да сеп болуда.

— Бұл аумақ үлкен бастамалардың нәтижесі. Қазіргі таңда тұрақты жұмыс жасауда. Алты жылға жуық уақыт ішінде үлкен нәтиже бар. Демек, күн электр станциясының болашағы зор деп есептеймін, – дейді күн электр станциясының бас инженері Сергей Шишканов.

Саран күн электр станциясы – таза технологияларды енгізудің және тұрақты энергетикаға халықаралық инвестицияларды тартудың табысты мысалы. Ол экологиялық тұрғыдан көмірқышқыл газын, CO2 шығарындыларын азайтуға көмектеседі.

— Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Біз осында келдік, станция сияқты пилоттық жобаларға көп қаражат инвестицияладық. Нысандарды аралап, олардың дамуын көруге келдім. Қазақстан үкіметімен болашақ жобаларда қандай басымдықтарды белгілеу керектігін талқылағым келеді. Бұл менің сапарымның негізгі мақсаты, –деп атап өтті GCF атқарушы директоры Мафальда Дуарте.

Делегация сондай-ақ Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде болды. Мұнда түрлі салалардағы, соның ішінде жасыл энергетикаға қатысты ғылыми жобалардың көрмесі ұсынылды.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»