Гран-при қарағандылықтарда
Қарағандыдағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері «Айбын» Х халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының Гран-при иегерлері атанды.
Биыл әскери-патриоттық жиын Алматыда өтті, онда Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей құрамаларынан 750 адам бір апта бойы әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарысты.
Қарағандылықтар «Айбын дарыны» зияткерлік байқауында және пневматикалық мылтықтан атуда бірінші орын алып, жалпы есепте үздік атанды.
Белтемірге тартылу және автоматты бөлшеп құрастырудан екінші орынға, әскерилендірілген эстафета және арқан тартудан үшінші орынға ие болды.
Жиын ережесі бойынша, бас жүлдені әр санаттың үздік командалары қатысқан «Күшіміз – бірлік» финалдық ойынының жеңімпазы алады. Бұл экстремалды жарыста Қарағанды қаласының Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің құрамасы жеңіске жетті.
«Жас ұлан» мектептері арасында жалпыкомандалық есепте 1-орын алған қарағандылықтар велосипед сертификаттарымен марапатталды, ал Гран-при ретінде олар мүкәммалмен жабдықталған спорт сыныбына сертификат алды.
– Біз Гран-при жеңіп алдық. Бұл оңай болған жоқ. Жеңіс үшін Астанадан келген әскери колледж өкілдерімен күрестік. Қарсыластар мықты болды, бірақ біз бас жүлдені жеңіп алдық, – дейді Қарағандының «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушісі Алмас Есмағамбетов.
Қарағанды «Жас ұлан» мектебінің бастығы, подполковник Жанат Бағжанов жеңімпаздарды құттықтап, ата-аналарына балаларды патриотизм рухында тәрбиелегені үшін алғысхат табыс етті.
– Сіздер халықаралық деңгейде мықты және біртұтас команда екендеріңізді дәлелдедіңіздер, жауынгерлік рух пен өз күштеріңізге сенімділік таныттыңыздар. Сіздердің жеңістеріңіз – мектептің, ата-ананың, бүкіл облыстың мақтанышы, – деп атап өтті Жанат Бағжанов.
Әскери-патриоттық жиын Құрлық әскерлері әскери институтының Алматы қаласындағы «Әли» оқу орталығында өтті және Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің, №1 Халық Қаһарманының туғанына 100 жыл толуына орайластырылды.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»