Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына енді

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (GGG) ресми түрде Халықаралық бокс даңқы залына (International Boxing Hall of Fame, IBHOF) енді. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлағандай, Головкин IBHOF-қа бірінші талпыныста қабылданып, осы мәртебеге ие болған Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы атанды.

Ведомствоның мәліметінше, GGG-ның еріктілер арасындағы мансабы орта салмақтағы ең табысты нәтижелердің бірі саналады. Ол 350 жекпе-жектен 345 жеңіспен оралды және көптеген жыл бойы Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы болды.

Кәсіби мансабына ауысқаннан кейін Геннадий Головкин XXI ғасырдағы орта салмақтағы ең ықпалды чемпиондардың бірі атанды. Оның есебінде 45 жекпе-жек бар, соның 37-сінде нокаутпен жеңіске жеткен және ұзақ уақыт P4P (pound-for-pound) рейтингінде көшбасшы болып келді.

Профи-карьерасында ол WBA, WBC, IBF және IBO титулдарының иегері болып, The Ring журналының беделді белбеуін де жеңіп алды. Сонымен қатар, тоғыз жыл бойы үздіксіз 23 нокауттық жеңіс сериясы орта салмақ дивизионының рекордын жасады. Ол орта салмақтағы титулдарын 21 рет сәтті қорғап, рекорд орнатты. Оның 90 пайыздан жоғары нокауттық жеңістер пайызы Гиннес рекордтар кітабына ең жоғары көрсеткіштердің бірі ретінде енді, бұл оны қазіргі заманның ең ұлы боксшыларынан бірі етеді.

«Оның Халықаралық бокс даңқы залына енуі – тек жетістіктерге берілген марапат емес, бұл әлемдік бокс тарихында терең із қалдырған, рингтен тыс та спорт дамуына әсер етіп жүрген спортшыны мойындау», – деді Ұлттық Олимпиада комитеті.

Геннадий Головкиннің есімі енді әлемдік бокс тарихын қалыптастырған, аңызға айналған спортшылармен қатар тұр. Бұрын бұл мәртебеге Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер, Мэнни Пакьяо сынды боксшылар енген.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»