Газдандыру жұмыстары
Күнгей мен Таугүл мөлтек аудандарына газ құбырын тартуды бастайды. Бүгінде Қарағанды мен Теміртауда жеті жарым мыңнан астам үйге табиғи газ жеткізіліп, абоненттердің 60 пайызға жуығы көгілдір отынға қосылып үлгерді. Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында алдағы жылы газдандыру жұмысы қай аудандарда жалғасын табатыны пысықталды.
Өңірді газдандыру жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асып жатыр. Бұл күнде Ақтау мен Мұстафин кенттерін, сондай-ақ Шет ауданын көгілдір отынмен қамтамасыз етуді қолға алмақшы. Мемлекеттік газдандыру сараптамасының оң қорытындысы шыққан жобалар да бар.
– Облыста газ тарату желерін салу бойынша жұмыстар Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларында жалғасуда. Өткен жылы Қарағанды және Теміртау қалаларында үшінші іске қосылу кешендерін, газ тарату желілерін салу жұмыстары аяқталды. Алынған газ тарату желілері 7 621 жеке тұрғын үйге жеткізілді. Оны бөліп айтатын болсақ, Қарағанды қаласы 6 018 үйге, Теміртау қаласында 1 603 үйге жеткізілген болатын, – деп есеп берді Облыстық Энергетика және ТҚШ басқармасы басшысының м.а. Ұлан Ермеков.
Қарағанды қаласында 4, 5, 6 іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Теміртау шаһарында ІІ кезек бойынша 1 және 2 іске қосу кешендері және І кезекке қатысты 4 іске қосу кешендеріне қатысты жұмыстар қолға алынған. Осымен қоса, Шахтинск қаласында АГТЖ және жоғары қысымды газ құбырының құрылысы аяқталды, Северо-Западный кентінде төмен қысымды газ құбыры мен шығу тораптары салынуда.
– Облыста газдандыру жұмыстары белсенді түрде жеткізілуде. Экологиялық тұрғыда экономиканың барлық саласын дамытуда әсіресе халықтың тұрғын үй сапасын жақсартуда газдандырудың үлесі айтарлықтай мол. Сондықтан өндіріс үшін маңызды жобаның сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету бізге жауапты міндет, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Бүгінгі таңда облыс орталығында 6 мың абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Ермағанбет Бөлекпаев қала әкімінен келер жылы қай аудандарда газ тарту жұмысы жүргізілетіндігін сұрады. Қаламыздағы бірқатар көше, жеке сектор аумағы, атап айтсақ: Ғарышкерлер, Пищевая, Гончарная, Кондитерская, Кирпичная, Балқаш, Шет, Рахымов және Ескі әуежай ауданындағы бірқатар көшеге газ өткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, Кирзавод пен Федоровка аудандарын газдандыру жалғасады. «Күнгей» мен «Таугүл» шағынаудандарында 133 км газбен жабдықтау желілері салынбақ. Бұл шамамен 3 300 абонентті табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал Теміртау қаласында бүгінде 1 603 тұтынушыға көгілдір отынды тұтынуға қатысты техникалық шарт берілген. Аймақ басшысы алқалы жиында өңірді одан әрі газдандыру және тұрғындарды көгілдір отынға қосу қарқынын арттыру жөнінде шенеуніктерге тапсырма берді.
Қанағаи ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»