Газдандыру мәселесі: Қарағандыда жаңа жоспарлар талқыланды
Қарағанды қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында өңірді газдандыру бағдарламасының іске асырылу барысы басты назарға алынды. Жиынға депутаттар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мердігер ұйымдар мен сала мамандары қатысып, қолға алынған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша пікір алмасты. Газдандыру — тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды қадамдардың бірі ретінде кеңінен талқыланды.
Қарағанды қаласын газдандыру жұмыстары кең ауқымда жүргізілуде. Жоба төрт кезеңнен тұрады, он алты іске қосу кешені іске асырылып, шамамен отыз мың абонентті қамту жоспарланған.
— Қазіргі таңда бізде 1, 2 және 3-ші іске қосу кешендерін енгізу актілері дайын тұр. Барлығы кестеге сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылуда, -деді Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.
2019 жылы басталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Осы аралықта жаңа тұрғын үйлер бой көтерді. Қазіргі уақытта Күнгей шағын ауданын қамтитын алтыншы кешенге түзетулер енгізіліп жатыр.
— Біз 5-ші іске қосу кешенін қазан айының басында тапсыруды жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін 4-ші және 6-шы кешендерді де іске қосу көзделуде. Ал Күнгей ауданы бойынша қазіргі уақытта түзетулер жүргізілуде, -дейді бөлім басшысы.
Алғашқы үш іске қосу кешені сәтті жүзеге асырылып, 6 мыңнан астам абонент газға қосылды. Қазіргі уақытта 4-ші, 5-ші және 6-шы кешендер бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Депутаттар құрылыс жұмыстарынан бөлек, техникалық шарттарды алу тәртібін түсіндіру, сондай-ақ субсидиялар мен әлеуметтік қолдау мәселелерін шешу арқылы тұрғындарға жан-жақты көмек көрсету қажеттігін ерекше атап өтті.
— Екі жыл бұрын біз сізге газға қосылмаған нысандардың тізімін ұсынған едік. Менің негізгі сұрағым, сол үйлер газдандыру жобасына енгізілді ме? Егер енгізілмеген болса, оларды қалай жүйеге қосуға болады? Адамдар газға қол жеткізе алмай отыр, себебі олардың үйлері әлі желіге қосылмаған, – деп атап өтті Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Бейбіт Жұмабеков.
Талқылау нәтижесінде депутаттар әкімдікке халықпен ақпараттық жұмысты күшейтуді тапсырды. Олар қамтылмаған көшелерге арналған жобалар әзірлеу және қосымша қаржыландыру мәселесін қарастыруды талап етті. Сонымен қатар, техникалық шарттарды жедел беру, халыққа заңдық қолдау көрсету және газды уақытылы жеткізу қажеттігі атап өтілді. Газдандыру – тұрғындардың үй жайлылығы мен өңірдің стратегиялық дамуы үшін маңызды жоба. Депутаттар оның әр кезеңінің қағаз жүзінде емес, нақты іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстайтындарын айтты.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»