Газ тарту жұмыстары

Қарағандыда бұл күнде орталықтандырылған көгілдір отынға 7 мыңнан астам үй қосылды. Облыс орталығын газдандыру жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қазіргі таңда жұмыс бесінші іске қосу газ кешенінде жүріп жатыр. Газ тарту барысында тұтынушымен жасалар келісім, жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстары диалог алаңында айтылды.

Қарағанды қаласы аумағын газдандыру жобасы 4 кезеңмен және 16 іске қосу кешенін тұрғызу арқылы жүзеге асырылуда. 2021 жылдан бүгінге дейін бірінші, екінші және үшінші кешендер жұмысы толығымен аяқталған.

– Қазіргі таңда біз 4, 5, 6-кешендердің жұмысын жалғастырып жатырмыз. Қазір 5-кешенде көптеген жұмыс атқарылуда. 6-кешенде де жұмыс жүріп жатыр. Жазда 4-кешенді бастаймыз, қаржыландыру бар. 5-кешенді толығымен аяқтаймыз, – деп атап өтті Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.

Осы жылы қараша айында 5-кешенді толық аяқтайтындарын айтты Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы. Сайып келгенде, бұл күнде орталықтандырылған көгілдір отынға 7 мыңнан астам үй қосылған. Бұл – бірінші кезектегі жаңа қала аумағы. Атап айтсақ, Самал, Штурман, Құрманғазы, Бензин, Рейд және Б.Момышұлы көшелерін газдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл іске жауапты «Қазтрансгаз аймақ» АҚ бүгінде атауын «QazaqGaz Aimaq» АҚ етіп өзгерткен. Бұл компанияның жаңа кеңсесі тұтынушыға ыңғайлы болу үшін Ермеков көшесі, 29 мекенжайында орналасқан. Үйіне табиғи газ тартуға ықыласты тұрғындар осынау кеңсеге хабарласады.

– Қазір Қарағанды қаласында 7 018 тұрғынның газға қосылуға мүмкіндігі бар. Және қазіргі таңда 2 439 тұрғын қосылған. Өткен жылдарға қарағанда қазіргі газдандыру жұмысы жоғары көрсеткіште, – дейді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалы директорының орынбасары Амандық Тәңірбергенов.

Соңғы жылдары табиғи газға қол жеткізген жеке сектор тұрғындарының көрсеткіші біршама артқан екен. Көгілдір отын құбыр жолы тартылған көшелердегі тұтынушы орталықтанған газға қосылу үшін әуелі техникалық шарт алуға міндетті. Бір ескертері – бүгінде нарықта өздерін газ құбыр жолын орнатамыз деп таныстырып жүрген мердігерлер бар екен. Үйге газ тарту мәселесі барысында тұтынушылар мердігерлерді өздері таңдайды және осы ретте жосықсыз мердігерлерге алданып қалмау жайттарына да көңіл бөлу керек екенін ескертеді жауапты құрылым өкілдері. Ол үшін тұрғындар мердігер компаниядан құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге, газ-техникалық қызмет көрсетуге рұқсат беру құжаттарының, өнеркәсіптік қауіпсіздік аттестаттарының бар-жоғын сұрап нақтылағаны жөн. Бұл құжаттардың барлығы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің сайттарында бар. Сонымен қоса тұтынушы газ қазандықтарын таңдағанда да сан соғып қалмауға мән беруі тиіс. Өйткені сапасыз қондырғыда кемшілік көп, тұрғындар шағымы жиілеген.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»