«Garage sale – 22» – мейірім жәрмеңкесі
Қарағанды экомузейінде ХХІІ «Garage sale – 22» қайырымдылық акциясы өтті. Бұл шара жыл сайын 10 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жәрмеңкеде сатушылар өздерінің эксклюзивті тауарларын ұсынады, ал түскен қаражаттың бір бөлігі мұқтаж баланың еміне жұмсалады.
Қайырымдылық жәрмеңкесін Қарағанды экомузейінің қызметкерлері Ирина Игнатович пен Мария Тюрющева және Евгения Хмелевская, «We help» қайырымдылық қоры, «Радость» қайырымдылық дүкені, Меруерт Аргимбаева мен Шынар Смайылова ұйымдастырған. Шарада 10 жастағы Динрасул Ниязбековті церебралды сал ауруынан оңалтуға қажетті қомақты ақша жинады.
Жәрмеңкеде отыздан астам сатушы тауарларын ұсынды. Олар түрлі зергерлік бұйым, кітап, киім, эксклюзивті шай, картина, ойыншық және т.б. тауар өнімдерін саудалады. Күні бойы жәрмеңкеге келушілер үшін музыканттар мен бишілер өнер көрсетті. Сондай-ақ алғаш рет «Маяк» жастар орталығының ерекше балалары өнер көрсетті.
Жәрмеңкеде барлығы 193 100 теңге жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл Динрасул Ниязбековті оңалту үшін қажетті соманың 50%-ын құрайды.
– Бұл жолы біз 193 100 теңге жинадық. Бұл – Динрасул Ниязбеков үшін оңалту курсына талап етілетін соманың 50%-ға жуығы. Қалған соманы «We help» ҚҚ қосады және желтоқсан айында Динрасул оңалтуға барады. Жәрмеңкеде Алматыдан, Ресейден және Италиядан келген қонақтар болды, – дейді ұйымдастырушылар.
Келесі жәрмеңкенің қашан болатыны туралы ұйымдастырушылар әлі нақты айта алмайды, өйткені мұндай шаралар дайындық пен көп күш және уақытты қажет етеді.
– Мұндай көлемдегі шаралар – үлкен дайындықты қажет етеді, әрі зор жауапкершілік. Бізге, ұйымдастырушыларға, айтарлықтай қосымша жүктеме. Сондықтан нақты қашанға жоспарлайтынымызды айта алмаймыз, – деп түсіндірді «Garage sale – 22» ұйымдастырушылары.
Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»