Футболдағы жеңіс
Футболдан олимпиадалық резерв «Жастар» спорт мектебінің командасы биыл екі рет екі республикалық турнирде Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. Жақында олар ел біріншілігінің қола жүлдегері атанды! Жас спортшыларды жеңістерімен құттықтап, естелік сыйлықтар табысталды.
Жарыстан жүлделі орынмен келген спортшылар құттықтау, құрмет және қошеметке ие болды. Мақтанып айтар себептер өте көп. Себебі, осы жылы команда керемет нәтижеге қол жеткізді. 3 чемпионатқа қатысып, 3 жүлдеге ие болды. Біреуінен қола медаль иеленсе, 2 жарыстан чемпион атанды. Қарағанды облысының футболдан аға жаттықтырушысы Саид Ахметовтың талай жылдық тәжірибесінде мұндай жарқын жеңістер алғаш рет орын алып отыр.
– Балалар облысымыздың намысын қорғады, жеңіспен оралды. Осындай жетістікке жеткендеріне қуаныштымыз. Балалар жаз бойы қызу дайындалды. Демалыс осылай қызықты өтті, – дейді Қарағанды облысының футболдан аға жаттықтырушысы Саид Ахметов.
Ауылдық спорт мектептері арасындағы чемпионатта құрама Бұқар жырау ауданы Доскей ауылының командасы болып жарысқа қатысты. Алдымен балалар аудандық чемпионатты, содан кейін облысты жеңіп алды, бұл Қазақстан чемпионатына баруға мүмкіндік берді. Жарыста еліміздің барлық облысынан жиналған чемпиондар өнер көрсетті.
– Біз өте мықты командалармен ойнадық, қатты дайындалдық, қиын болды, бірақ бар күш-жігерімізді салып 1 орынды жеңіп алдық. Маған футбол өте қатты ұнайды, өйткені, сіз мұнда әлемдік жұлдызға айнала аласыз. Ал ол үшін көп жаттығу керек және тер төгіп алдыға қадам басу керек, – деген ойда футболшы Максим Дмитриев.
Қазір команда Алматыда өтетін халықаралық турнирге дайындалуда. Ата-аналары және Қарағанды облысы жас спортшыларға сенім артып, жеңіспен оралуларын тілейді.
ЖҰПАР ТОНТАЙТЕГІ, «QH»