Футбол жеңімпазы
Қарағандылық «Жастар 2012» футбол командасы алтын медаль жеңіп алды. Қырғызстандағы Ыстықкөл жағасында үш елдің жас футболшылары ойын өткізді. Нәтижесінде біздің команда халықаралық турнирдің чемпионы атанды.
12 жасар Қымбатбек Райымбек Қазақстан атынан Қырғызстан еліне барып бірінші орын алып келгенін зор мақтанышпен айтты. Футболмен белсенді шұғылдана бастаған жеткіншектер Облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі қажырлы дайындықтары нәтижесінде мәртебелі жарыста жеңіс тұғырынан көрінді. Айта кетері, біздің команда шетелдік жарысқа алғаш шығып, жеңімпаз атанды. Теміржол вокзалында жеңімпаздарды туыстары мен достары қарсы алды. Айта кетейік, футболшыларымыздың жарысы 5-10 шілде аралығында Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өтті. Сайыскерлер Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстаннан келген. Бірнеше матчтың қорытындысы бойынша қарағандылық «Жастар 2012» футбол командасы турнир жеңімпазы атанды.
– Бұл біздің команданың сырт елге алғаш шығуы. Қырғызстан еліне еш қиындықсыз жеттік. Алғашқы күні жеребе тастап, келесі күннен бастап командалар алаңға шықты. Біздің ойыншылар әр командамен 4 ойын өткізді. Әр кездесу сайын жігерлене озық шықтық. Ақтық жарыста 2:0 есебімен ұттық. Қарсыластарға бірде бір ұпай салдырмадық. Біздің балалар мықты болды, – дейді «Жастар 2012» командасының жаттықтырушысы Дмитрий Быстров.
Жеңісті болу қашанда жігерлендіреді. Бұл жетістік жас футболшыларды ынталандырып, алға жеңісті күндерге жетелері сөзсіз, дейді команда жаттықтырушысы. Зор құрметпен айта кетейік, қарағандылық «Жастар 2012» футбол командасы алтын медаль жеңіп алып, халықаралық турнирдің чемпионы атанды. Жас футболшыларды жаңа жарыстарға дайындық пен жаңа жеңістерге деген құлшыныс күтіп тұр.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»