Футбол жеңімпаздары

Ала доп бәсекесі аяқталды. Шахтер стадионында «Аула» футбол лигасының жеңімпаздары марапатталды.

«Аула футбол лигасы» – жасөспірімдер үшін жазғы уақытта өткізілетін ең танымал әрі қызықты спорттық шараларының бірі. Жоба жыл сайын дәстүрлі түрде Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, сондай-ақ қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылады.

– Жылда дәстүрлі түрде өткізілетін аула футбол лигасы жобасы шеңберінде, кезекті марапаттау рәсімін өткізудеміз. Яғни осы жолы бұл ойын, 12-15, 15-17 және 18 бен одан жоғары жас аралығында жас топтарында өткізіліп отырған жарыс. Аула командалары арасында. Өткен жолы біз дәл осы жерде 12-14 жастағы үздіктерді марапаттап едік, енді 15-17 жас аралығындағы ойыншыларды марапаттайтын боламыз, – дейді Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі басшысының м.а. Берік Досымбеков.

9-16 шілде аралығында қала аудандарының 45-тен астам командасы 15-17 жас санатында бақ сынасты. Жеңімпаздар 50, 100 және 150 мың теңгелік ақшалай сыйлықтармен және кубоктармен марапатталды. Сондай-ақ, жалпы нәтижеден бөлек, төрешілер алқасының талқылауымен, үздік аталымдар бойынша жекелеген ойыншылар марапатталды.

– Әрине жалпы енді бұл, біздің жобадан көптеген ойыншымыз әрі қарай өсіп, үлкен жобаларға қатысып отыр. Ол республикалық жарыстар, сонымен қатар кейбіреулері тіпті құрама командалардың құрамына кіріп отыр. Сондықтан бұл енді шынымен жақсы ойыншылар үшін, көзге түсерліктей, сондай жақсы мүмкіндік, – дейді Берік Досымбеков.

Салтанатты шара республикалық лига Кубогының үшінші турындағы Астана мен қарағандылық Шахтер арасындағы матчпен жалғасты. Бұл ойындағы жеңіс екі команданың да плей-оффқа шығу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Естеріңізге сала кетейік, бұл командалардың Премьер-Лиганың бірінші айналымы шеңберіндегі кездесуі 1:0 есебімен «Шахтердің» жеңісімен аяқталған болатын. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»