Футболға жаңа серпін: облыста спорт кешені есігін айқара ашты
Қарағанды облысында бұқаралық спорт пен балалар спортының дамуына арналған жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Жеке инвестициялар есебінен салынған «Аманат» спорт-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бұл нысан заманауи талаптарға толық сәйкес келетін жабдықтармен қамтылып, аймақ тұрғындары үшін жаңа спорттық орталыққа айналмақ.
Жаңа кешеннің ең басты артықшылығы – футболмен жыл он екі ай айналысуға жағдай жасалғандығы. Жоғары сапалы жасанды жабындысы бар футбол манежі мен УЕФА стандарттарына сай келетін футзал алаңы кәсіби спортшыларға ғана емес, әуесқойлар мен жасөспірімдерге де қолжетімді болады. Осылайша, өңір жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, дене шынықтырумен айналысуына зор мүмкіндік туып отыр.
Инвестордың бұл бастамасы – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін айқын көрсететін жарқын үлгі. Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысының саясатын қолдаудың нақты қадамы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында бұқаралық спорт пен балалар спортына ерекше назар аударып, футбол инфрақұрылымын дамытуда жеке инвестиция тартудың маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Қарағандыдағы жаңа нысан – осы саясаттың аймақ деңгейінде жүзеге асуының бір дәлелі.
Ашылу салтанатында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа кешеннің өңір үшін маңыздылығын атап өтті.
– Қарағандыға және бүкіл облысымызға аса қажет әрі қуанышты сый жасалып, жаңа «Аманат» спорт-сауықтыру кешені іске қосылды. Бұл қарапайым емес, ерекше нысан. Оның басты артықшылықтары – халықаралық талаптарға сай келетін заманауи спорт алаңдары. Мұнда республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі турнирлер өткізуге мүмкіндік бар. Осы игі істі жүзеге асырған «AMANAT» спорт кешені» ЖШС-не зор алғысымды білдіремін, – деді ол.
Сонымен бірге өңір басшысы мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын, ал кәсіпкерлердің осы бастаманы қолдауы қоғам үшін маңызды екенін ерекше атап өтті. Әсіресе, Қарағанды облысында футзал спорты кеңінен таралған. Онымен балалар да, ересектер де, түрлі кәсіп өкілдері де айналысып келеді.
Кешен құрылысына бір миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл – аталған компанияның Қарағандыда ашып отырған үшінші спорт нысаны. Бұған дейін де жергілікті спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірнеше жобалар жүзеге асырылған.
Қарағанды облыстық әуесқой футбол лигасының вице-президенті Бақтияр Бекмұрзаев жаңа нысанның спортшылар үшін үлкен серпіліс болады дейді.
– Бұл кешенде «Қарағанды» футзал клубы тұрақты түрде жаттығатын болады. Жаңа спорттық база футболмен үздіксіз айналысуға жол ашады. Қазірдің өзінде алғашқы ойындар басталып кетті. Мәселен Қазақстан Республикасы футзал чемпионаты аясында «Қарағанды» мен «Жетісу» командаларының ресми кездесуі дәл осы алаңда өтуде, – деді ол.
Алдағы уақытта мұнда Премьер-лига ресми матчтары, балалар мен жасөспірімдер турнирлері, әуесқой командалар арасындағы жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылмақ. Жаңа кешен тек кәсіби спортшыларға ғана емес, спортпен әуестенетін әрбір тұрғынға есігін айқара ашпақ.
«Аманат» спорт кешенінің ашылуы өңірде кәсіби футзалдың дамуына, бұқаралық спорттың өркендеуіне және жаңа буын спортшыларын тәрбиелеуге тың серпін береді. Бұл – Қарағанды облысы үшін стратегиялық маңызы бар жоба.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

