Ескі қала естеліктері

Әр қаланың даму тарихында өзінің тарихи бастауы болады. Қала тұрғындарына көзайым болып көрінетін ескі ауданы болмақ. Осы жерде қаншама тер төгілді, қаншама адам өз тарихын байланыстырады. Қарағанды қаласының өзіндік кеңестік тарихтағы ескі ауданы бар. Бүгінгі әңгіме арқауы осы қаланың аумағы болмақ.

Қалалық шаруашылық комитеті қарамағында 6 монша, 100-ге жуық су бөгеті, 750 мың шаршы метр асфальтталған жол мен алаңдар, 13 көпір және басқа да көптеген коммуналдық шаруашылық нысаны болды.

1948 жылы Қарағандыда алғаш рет Кеншілер күні мерекесі тойланды. Ең жақсы 10 кенші Социалистік Еңбек Ері атағын алды, олар: Түсіп Күзембаев, Сәкен Шоманов, Жақсейіт Абдрахманов, Мұстафа Айтқұлов, Петр Филимонович Акулов, Бәшір Нұрмағанбетов, Дмитрий Иванович Обухов, Г. Хайруллин және т. б. Өлкеміздің даңқты азаматтарының құжаттар кешені (фотографиялар, марапаттау материалдары, жеке заттарының барлығы) мұражайда сақтаулы.

Қарағандының Ескі қала аумағында сол кезде 180 мыңға жуық адам өмір сүрді, бұлар көбіне Қарағанды бассейндеріндегі кеншілер еді. Ескі қала құрылысы қалыптасқан қалалық талапқа сай емес, онда бір қабатты саздан, ағаштан салынған, су құбырлары мен электр желілері сияқты тұрмыстық қажеттіліктермен қамсыздандыру күшейтуді талап етеді. Орта есеппен адам басына шаққанда тұрғын үйдің пайдалы алаңы 3,6 шаршы метр. Мұнымен қатар мәдени- тұрмыстық қызмет көрсету ғимараттары жетіспейді (28).

Қарағанды қаласында бірнеше жыл бойы жаңа шағын тұрғын аудандардың құрылысы тиімді жүргізілуде. Жаңа шағынаудандарда байланыс нысандарының құрылысына бөлінетін қаржы толық бөлінбеген. Жаңа шағынаудандарда телефон байланысын күшейту мақсатында Облыстық атқару комитеті Байланыс министрлігінен бөлінген қаражат есебінен тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында Жаңа Майқұдықтың бірінші шағынауданында 3000 нөмірге арналған және екі шағынауданда 2000 нөмірге арналған АТС салуға шешім қабылдады.

1951 жылы Қарағанды қаласының тұрғындары үшін коммуналдық және мәдени- тұрмыстық қызметті жақсарту бағытында мынадай шаралар қабылданған:

а) 1951 жылы Қарағанды көмір бассейнінің 180 мың шаршы метр кеңістігіне және Жаңа қаланың 30 мың шаршы метр кеңістігіне көпқабатты тұрғын үй салып, пайдалануға беру;

б) 1951 жылы 5 080 орындық 13 мектеп, 655 орындық 9 балабақша, 754 орындық 8 перзентхана, 1 270 төсектік 10 аурухана, 400 адамға арналған 3 емхана, 330 адамға арналған 3 амбулатория, 260 төсектік 5 перзентхана, 2 600 орындық 8 мәдениет үйі, 500 орындық 5 асхана және 50 адамдық 6 дүкен мен 2 монша салу;

в) 1951 жылдың үшінші тоқсанында 1000 адамға арналған Кеншілер мәдениет сарайын салып бітіру

г) 1951 жылы пионерлер сарайы, мәдениет пен спорт үйі, инженер- техник жұмысшы клубы, облыстық мұражай мен кітапхана құрылысын бастау қажет;

д) 1951 жылы Жаңа қала мен кеншілерге қарасты кенттерде тұрғын үйлердің сыртқы келбетін, аулаларды жөндеуге; су құбыры мен санитарлық жолдарды ажыратуға; көшелерді көгалдандыру және шамдар орнатуға арналған шараларды бітіру;

е) Ұзындығы 15 километрге жететін Саран су құбырын 1951 жылдың төртінші тоқсанында салып, пайдалануға беру;

ж) 1951 жылдың екінші тоқсанында Жаңа қалада ауқымы 2000 куб метрге жететін су құбырын салып, пайдалануға беру;

и) 1951 жылдың төртінші тоқсанында 7 шақырымға жететін Жаңа Майқұдық — Қарағанды Угольная және 5 шақырымға жететін № 20 Шахта — Шахтинск ауданына дейінгі трамвай жолдарын аяқтау; трамвай паркінің жөндеу базасын толықтай салып біту және паркті жаңа жиырма екі вагонды пойыздармен толықтыру;

к) 1951 жылы 54 шақырымға жететін асфальт- бетонды шоссе жолдарын салып, пайдалануға беру. Соның ішінде: Жаңа қала — № 37 Шахта (5 км), Жаңа қала — № 35 Шахта (7 км), Жаңа қала — Аэропорт (6 км), Жаңа қала — Саран (21 км), Саран — Шерубай Нұра (15 км);

л) 1951 жылы Жаңа қала мен шахтаға жататын жұмысшы кенттерде 50 шаршы метр көше, алаңдар мен тротуарларды асфальттау; 1951 жылы Жаңа қалада Үлкен Бұқпа өзеніне 2 ірі көпір салу;

н) 1951 жылдың екінші тоқсанында екі ірі демалыс және мәдениет паркін салып бітіру; 1951 жылы Қарағанды қаласы мен Саран кентінде жасанды көлді салып бітіру.

Жоспар бойынша, 1951 жылы Көмір өнеркәсібі министрлігі құрылыс- жөндеу жұмыстарына арналған қаражатты 25 млн. сомға жоғарылатуы қажет, бұл трамвай жолдарын, 4 жасанды көл, демалыс және мәдениет парктерін салу үшін жұмсалады.

Металлургия өнеркәсібі министрлігі Теміртау мен Қарағанды қаласын қосатын ІІ дәрежелі шоссе жолын 1951 жылы салып бітіріп, пайдалануға беру керек.

Кеңес Одағының Орман шаруашылығы министрлігі 1951 жылы Қарағанды облысында орманды қорғаныс зонасын құрып, 1952 жылы Қарағанды қаласын желден қорғайтын мемлекеттік орман бақшасын салуға міндетті.

Жол министрлігі 1951 жылы Қарағандыда вокзал құрылысын бастап, оны 1952 жылы аяқтауы тиіс.

Қарағанды көмір бассейнінің өнеркәсіп құрылысының бірыңғай тез дамуына байланысты 1955 жылы Қарағанды қаласы Қазақстан Республикасының ірі өнеркәсіптерінің, әкімшілік және мәдени орталықтарының біріне айналды.

Қазіргі уақытта қала тұрғындарының саны 450 мың адамға жетті. Алайда Қарағанды қаласында тұрғын үй мөлшері, мәдени- тұрмыстық құрылыс және жақсы жабдықталуы өнеркәсіптік, қала халқының өсімі және оның мәдени сұраныстары деңгейінде қалады.

Қарағанды қаласында біршама жасанды жасыл көшет болғанымен, қаланы көгалдандыру, яғни қала маңайын және орманды қорғайтын алқаптар жасау кейін көшет аздығынан шектелген.

Халыққа мәдени- тұрмыстық қызмет көрсету жақсара түсті. Осы жылдары Қазақстанға бесінші бесжылдықтың 4 жылының ішінде тұрмыстық үй құрылысына 2,8 миллиард сом қаржы жұмсалғанын айтқан жөн болады. 1955 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл салаға жұмсалған қаржы алдыңғы жылмен салыстырғанда 59% өсті.

1955 жылдың өзінде-ақ коммуналдық кәсіпорындар мен тұрғын үйлерді жөндеуге, салуға 100 млн. сомға тарта қаражат жұмсалды. 30 мың шаршы метр тұрғын үй кеңістігі пайдалануға берілді. Қарағанды кеншілеріне арналған көптеген ғимарат салынып, олардың құрылысына қомақты қаржы бөлінді.

Қарағанды қаласы — жас қалалардың бірі. Соңғы үш жыл ішінде қаланың жағдайын жақсарту бағытында көп жұмыс атқарылды. Жүздеген миллион сом магистральды су құбырлары мен санитарлық жағдай жасауға, қаланы көгалдандыруға, жол құрылысына, көше мен жол жиектеріне асфальт төсеуге, электр желілерін тартуға, жергілікті халықты телефонмен жабдықтауға бөлінді.

Қала мен қала маңайындағы елді мекендер арасындағы көлік байланысы дұрыс жолға қойылды. Қарағанды су құбырын салуға 36 миллион қаржы бөлінді. Сонымен қатар қала ішінде су тартатын құбырлар саны өсті. Сумен Жаңа қаланың жаңа ғана салынған үйлері, Жаңа Майқұдық үйлері және жұмысшы кенттер толықтай қамтамасыз етілген (30).

Қала автожолдарының ұзындығы 145 шақырымға жетті. Соның ішінде асфальтталғаны 120 км. Соңғы үш жыл ішінде жаңа технология бойынша жетілдірілген 87 шақырым жол салынды. Асфальтты- бетонды шоссе жолдары Жаңа қала мен Саран қалашығын қосады, жаңадан дамып келе жатқан ШерубайНұра ауданы мен № 1 вертикальды шахтасын қосады. Шахталарға кіретін көптеген автожол салынды. Жаңа қаланың барлық көшесіне асфальт төселген. Қала ішіндегі тротуарлар ұзындығы 59,8 километрді құрайды, онын 39 километрі асфальтталған.

Қаланың көгалдандырылған жалпы жер көлемі 900 гектарды құрайды, соның ішінде парк, көше, сквер мен бульварларға 241 гектар, ал аурухана, мектеп, балабақша және тағы басқа да мәдени- тұрмыстық қызмет көрсету орындарына 676 гектар бөлінген.

Қарағанды қаласы бүгінгі күнде қарыштай дамып келе жатыр. Дегенмен осы қаланың бастауының өз тарихы бар.

Т.Т.АРШАБЕКОВ,

Қарағанды облысы ғылыми- техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы