Ескерткіш тақта орнатылды

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран. Қарағандыда Ұлы Отан соғысының ардагері, батыр Төлеухан Сағындықовтың құрметіне мемориалды тақта орнатылды. Қайсар рухты қаһарманның өмір жолы – ерлік пен елдікке толы тағдыр. Жауынгерлік жолы мен отансүйгіштігі – бүгінгі жас буынға үлгі, тарих бетінде алтын әріппен жазылатын құндылық. Салтанатты шара батырдың есімін ұлықтап, ұрпақ санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылды.

Батырдың рухына тағзым етуге арналған бұл шараға оның туған-туыстары, ұрпақтары және қала тұрғындары қатысты. Салтанатты рәсім барысында Төлеухан Сағындықовтың жауынгерлік жолы, отансүйгіштігі мен жанқиярлық ерлігі ерекше ілтипатпен еске алынды. Жиналған қауым батырдың рухына тағзым етіп, мемориал алдына гүл шоқтарын қойды. Бұл — болашақ ұрпаққа тағылым болатын өнегелі іс, тарихи жадының мәңгілік сақталуына бағытталған маңызды қадам.

— 70-жылдары осында, біздің ғимаратта әскери комиссариат болған. Ол осында әскери комиссар еді. Өзім  оны жас кезінде көрдім. Әлі есімнен жарқын бейнесі кетер емес. Өнегелі жан, лауазымды  қызметте жүрседе, өте қарапайым адам болды, -деді «Теміржолшылар» мәдениет үйінің директоры Серік Мұқанов.

Қарағанды облысының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеухан Сағындықовтың есімі ел жадында мәңгі сақталады. Аты аңызға айналған ардагер Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ол 1943 жылдың 20 қаңтарында Қарағанды қаласындағы Ленин аудандық әскери комитеті арқылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, соғыс өртіне аттанды. Сағындықов Төлеухан Краснодардағы миномет-зениттік әскери училищеде білім алып, әскери шеберлігін шыңдаған. Майдан шебінде ол Германиядағы Солтүстік топтың штаб-пәтерінде және Кеңес Одағының бірнеше әскери құрылымында жауапты қызметтер атқарды. Жауынгерлік жолы ерлік пен батырлыққа толы Төлеухан Сағындықов елге оралған соң да азаматтық борышын адал атқарып, үш баланы тәрбиелеп өсірді. Бүгінде оның ұлағатты жолын немерелері мен ұрпақтары жалғастырып келеді. Төлеухан Сағындықовқа арналған мемориалдық тақта – ерлікке тағзымның белгісі ғана емес, келешек ұрпаққа үлгі болатын рухани мұра.

— Ол қол астындағы қызметкерлерімен отбасына өте құрметпен қарады. Ал  атамыздың шені майор болған. Ағамыз, оның баласы – полковник. Айталық немересі– генерал-майор. Сондықтан да біздің отбасыны әскери әулет деп айтуға толық негіз бар, -дейді Т. Сағындықовтың қызы Гүлнар Сағындықова.

Төлеухан Сағындықов 1969 жылы қарағанды қаласындағы Теміржол аудандық әскери комиссариатына жіберіледі. Армияда оның  жауапкершілігі мен ұтқыр ұйымдастырушылық қабілеті қызметте өсуіне жол ашты. Жеңіс сарбазы 1972 жылы сол жерде әскери комиссар лауазымына  тағайындалады. Ерен ерлігі де ескерусіз қалмады. Майдангер «Қызыл жұлдыз» орденімен «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кеңес одағы қарулы күштері ардагері» медальдерімен марапатталған.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»